ШҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық фестивалі өтті
Шығыс Қазақстан Өнер музейі ШҚО мәдениет басқармасының облыстық филармониясымен бірлесе отырып, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында "Шексіз шығармашылық" фестивалін өткізді
Мұнда ерекше жандардың суреттері мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, концерт қойды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Осылайша мүмкіндігі шектеулі жандар өнерде шек болмайтынын, шын талант тасада қалмайтынын көрсетті.
Айта кетейік, фестивальға ШҚО әкімі Ермек Көшербаев келіп тамашалады.
Концертте Наталья Петриченко, Алексей Никулин, Данил Дробышев, Азамат Сайлаубаев, Мағзат Мұқашев, Динара Әбілқайырова, Дашөнова Айдана, Канталинская Есения, Бекенов Қуаныш, Галымов Айзар өнер көрсетсе, қолөнер шеберлері Гауһар Сейілханова мен Вера Карпутсина кәдесыйлар ұсынды, ал Ирина Усова мен Сергей Елисеевтің сурет көрмесі көпшілікті тәнті етті. Сондай-ақ график–кескіндемеші Марат Смаилов шеберлік сағатын өткізіп, өзінің бірегей кескіндеме және графика техникасымен бөлісті.
Бұл фестиваль мәдениет саласының қызметкерлері мен мүмкіндіктері шектеулі жандар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, осы санаттағы жандардың шығармашылық қабілетін, әлеуметтік белсенділігін дамыту, өмірге деген құштарлығын арттыруға септігін тигізеді.
Бұл ерекше кеш. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар өз шеберліктері мен өнерлерін паш етті. Менің ойымша, мәдениет саласы кедергісіз кеңістік болуы керек. Көрмеде өте қызықты жұмыстар ұсынылды, ал концертте нағыз таланттар өнер көрсетті. Біз осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізетін боламыз, - деді ШҚО мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов.