Өскеменде бойжеткен Үлбі өзеніне құлап кеткен
Өзенге құлап кеткен қызды кездейсоқ куәгерлер құтқарып қалды
Екі ер адам бойжеткенді аман-есен судан алып шықты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ыстық күнде салқындап алғысы келген 2005 жылғы бойжеткен Үлбі өзеніне қарай төмен түсіп, тепе-теңдікті ұстай алмай, суға құлап кеткен. Көмек сұраған дауысты жақын жерде тұрған Дәурен Тоқтағанов пен Жаңасбек Пермабек естіген. Олар еш абыржымай, тез көлікке отырып, өзеннің қарама-қарсы жағалауына жетіп, төменге қарай түсіп, суда ағаш бұтақтарынан ұстанып тұрған қызды көрген. Жаңасбек өзенге кіріп, қызды судан тартып алып шығып, Дәуреннің қолына берді, - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Осылайша 2005 жылғы тұрғынды куәгерлер дер кезінде құтқарып үлгерген.
ШҚО ТЖД су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Рұқсат етілмеген жерлерде суға түсуге болмайды.
Төтенше жағдайлар кезінде 112 нөмірі бойынша хабарлау қажет.