Өз балаларынан алиментті аяған шығысқазақстандықтар букмекерге бәс тіккен
Кейінгі 3 жылда көкек-әкелер букмекерлік кеңселерге жалпы сомасы 100 млн теңге аударған
Бұл туралы ШҚО прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ата-аналық міндеттемелерге және сот шешімімен алимент төлеу міндетіне қарамастан, кейбір ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын асыраудан жалтарып келеді. Осы бойынша облыстағы сот орындаушыларының өндірісінде 13 мыңнан астам құжат бар. Ал алимент бойынша жалпы қарыз мөлшері 790 миллион теңгені құрайды, - деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы. - Жыл басынан бері 42 борышкер әкімшілік, 14-і қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 32 адамға іздеу жарияланды.
Тіпті, кейінгі 3 жылда алимент төлемей, букмекерлік кеңселерге ставка қойып, олардың шоттарына 100 млн теңгеден астам ақша аударған. Ал жалпы қарызы 84 млн теңгені құрайтын 75 адам анықталған.
Сот орындаушылары оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде борышкерлер "еGov-Mobile" мобильді қосымшасы арқылы құмар ойындарға өздерінің қатысуын бұғаттады.