ШҚО-да жүзге жуық әйел дағдарыс орталығына жіберілген
Өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 25 қылмыс және 1 700-ден астам құқық бұзушылық жасалған
ШҚО-да полицейлер әйелдер мен балалардың құқықтарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 15 сәуірінде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған заңнамадағы жаңа өзгерістерге қол қойды.
Түзетулер мемлекеттік отбасылық саясаттың құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.
Біздің облыс аумағында өткен кезеңде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 25 қылмыс және 1 700-ден астам құқық бұзушылық жасалған. Көп жағдайда бұзушылықтар ер адамдар тарапынан болған. Ойлаудың өзі қорқынышты, бірақ бұл сандардың астарында адамдардың тағдыры мен тұтас бір отбасының қайғысы жатыр, - деп атап өтті ШҚО ПД бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қауіптілігін бағаламауға болмайды, ол адамға зиян келтіру немесе өлім, жетімдік және балалардың жарақаттануы ғана емес, сонымен қатар отбасы және әлеуметтік байланыстар институтын бұзу, жоғары құндылықтардың – адамның, оның өмірінің, денсаулығының және қол сұғылмаушылықтың құнсыздануы болып табылады.
Әрбір қазақстандық өз құқығының заңмен қорғалатынына сенімді болуы және өзін толық қауіпсіз сезінуі керек. Біздің мақсатымыз - зорлық-зомбылық құрбандарына оларды түсінетімізді және оларға көмек көрсетуге дайын екенімізді жеткізу, - деді облыстың бас полицейі.
Полиция қызметкерлері мүдделі органдармен бірлесіп отбасылық-тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті. Зорлық-зомбылық ықтималдығы жоғары отбасыларға ерекше назар аударылады. Бұрын сотталған адамдарға, сондай-ақ қоғамға жат өмір салтын ұстанатын азаматтарға бақылау жүргізіледі.
Өңірде құқық қорғау органдарымен 3 дағдарыс орталығы өзара іс-қимыл жасайды. Олардың қызметтерін пайдалану үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары аталған орталықтарға өз бетінше немесе полиция қызметкерлерінің тікелей көмегі арқылы хабарласа алады.
Тек ағымдағы жылы ғана полицейлер дағдарыс орталықтарына 90-нан астам әйел адамдарды жіберді, олардың көпшілігі балалары бар, өмірлік қиын жағдайға тап болған.
Тәртіп сақшылары облыстың әр өңірінде осындай қосымша дағдарыс орталықтарын құруға бастамашы болып отырғанын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, ШҚО Полиция департаменті кез келген зорлық-зомбылықтың көрінісіне куә болғандардың барлығын бей-жай қарамауға шақырады.