Өскемендік кітапханашылар Ресейден біліктілік арттырып келді
Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапхананың қызметкерлері Руслан Бабиров пен Әйгерім Белібаева "Жаңа ұрпақ" бағдарламасы бойынша күндізгі оқытудың екінші кезеңінен өту үшін Ресейге барып келді
Бұл Ресей мемлекеттік кітапханасы мен Еуразиялық кітапханалар ассамблеясының бірлескен жобасы, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Соның аясында өскемендік кітапханашылар Мәскеу және Қазан қалаларына барып, Ресейдің және әлемнің басқа да елдерінің жетекші кітапханашыларымен тәжірибе, білім алмасып, кітапхана ісіндегі соңғы тенденциялар мен жаңалықтарды біліп қайтты.
"Жаңа ұрпақ" бағдарламасы жыл сайын өткізіледі. Бірақ оған тек бір рет қатысуға мүмкіндік бар. Сапарымыз мамыр айының 16-25 күндері аралығында жалғасты. Әуелде Ресейдің бас қаласына табанымыз тиіп, алдағы күндердің жоспарымен танысып шықтық. 3 күннен кейін Қазанға барып кітапхана конгресінің ашылуына қатыстық. Бұл конгресте әлемнің түрлі елдерінен келген делагаттар болды, - дейді Руслан Бабиров.
Оның ішінде Қазақстанның Алматы, Қостанай және Өскемен қаласынан кітапханашылар мен басқа да мамандық иелері келген.
Содан соң әрқайсысы өздерінің саласы бойынша бөлінді. Біз әлбетте кітапхана бағыты бойынша өтетін шараларға бет бұрдық. Арасында өзіміздің жұмысымызды да көрсетіп, атқарып жатқан жобаларымызды таныстырдық, - дейді Әйгерім Белібаева.