ШҚО-да 2 мыңға жуық адамды кене шаққан
Облыстың эндемиялық аумақтарында кене шаққан 1904 адам медициналық көмекке жүгінген
Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 29,2%-ды құрап отыр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО СЭБД ақпаратына сүйеніп.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, биыл кене шағудан зардап шеккен адамдар саны 502 жағдайға көбейген (2023ж. – 1402 жағдай). Мамандар бұл көктемнің ерте түсіп, күннің жылы болуына байланысты екенін айтады.
Аурудың алдын алу мақсатында кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді кене шағудан зардап шеккен 95% адам алды. Қалғандары 5 % (102 – адам) түрлі себептермен: медициналық көмекке кеш жүгіну, жеке бас тарту, екпе егілгендіктен және эндемиялық аумаққа жатпайтын елді мекенде кене шағуына байланысты серопрофилактикамен қамтылмаған, – деп хабарлады ШҚО СЭБД баспасөз қызметі.
Ағымдағы кезеңде облыс аумағында Өскемен қаласының аумағында кене вирустық энцефалитінің 1 зертханалық расталған жағдайы тіркелді.
Қазіргі уақытта эндемиялық аумақтардың медициналық ұйымдарында кене шағудан зардап шеккен адамдарға аурудың алдын алу мақсатында қолданылатын кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин препаратының қоры жеткілікті мөлшерде бар, – деп хабарлады ШҚО СЭБД баспасөз қызметі.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша кене энцефалитінің табиғи ошағы – Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Самар, Ұлан, Шемонаиха аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларының маңайлары екенін айта кеткен жөн.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыстың барлық кене энцефалитімен сырқаттанушылық бойынша эндемиялық аумақтарында эпидемиологиялық кезеңінде медициналық ұйымдар базасында (травм.пунктерде) кене шағудан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету үшін серопрофилактика пункттері құрылғаны туралы хабарлайды.
Өскемен қаласы бойынша:
- ересек тұрғындар үшін –"№4 қалалық аурухана" ШЖҚ КМК Серікбаев көшесі, 1/5.
- балалар үшін - "Ана мен бала орталығы" ШЖҚ КМК Қазбек би даңғылы, 11.