Бұқтырма су қоймасы Қытайдан келіп жатқан суды қабылдауға дайын – министр
ШҚО-ға су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов келіп, өңірдің гидротехникалық нысандарының жұмысын тексерді
Естеріңізге сала кетейік, Мамырдың 15-22 аралығында ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында Нанвань гидробекеті маңында су деңгейі көтерілген. Соның салдарынан Қазақстандағы Қара Ертіс өзеніндегі су деңгейі қауіпті шектен асқан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Осы аумақта ағып жатқан Буыршын өзені трансшекаралық Қара Ертіс өзеніне, ал Қара Ертіс өзені Зайсанға құяды.
Бұқтырма ГЭС жұмысымен танысып, нысанның бассейндік инспекциялармен өзара іс-қимылын реттедік. Қазір біз қытайлық мамандармен шекарадағы жағдайға байланысты тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінде ҚХР-дан секундына 1810 текше метр су келіп жатыр. Бұқтырма су қоймасында 39 млрд текше метр су жиналды. Нысан тағы 10 миллиард текше метр су қабылдай алады. Осылайша, су қоймасы Қытайдан келетін суды қабылдауға дайын. Жағдай жіті бақылауда. Бассейндік инспекция және «Қазсушар» мамандары мұнда тәулік бойы кезекшілік жүргізеді, - деді министр Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, Боран гидробекеті аумағындағы Қара Ертіс өзенінен су шығыны бүгінде секундына 1800 текше метр, су деңгейі 557 см.
Өскемен су қоймасынан (Бұқтырма су қоймасының контрреттегіші) су жіберу көрсеткіші секундына 900 текше метрге дейін ұлғайтылды.
Бұқтырма су қоймасы жағалауларындағы елді мекендер мен демалыс базаларына қауіп төніп тұрған жоқ.
Демалыс базаларын салар уақытта бассейндік инспекциядан рұқсат алады. Ал инспекция рұқсатты су қоймасының толған жағдайын ексере отырып береді. Яғни, су қоймасының сыйымдылығы 49 млрд текше метр. Сондықтан да қазір қауіп жоқ, - деді министр.