ШҚО-да тағы бір ірі су қоймасы салынады
ШҚО-ға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен келіп, Алтай ауданы тұрғындармен кездесті
ШҚО-да 4 су қоймасы, 7 гидротехникалық құрылыстар, 70-тен астам ирригация жүйелері бар. Былтыр шаруа қожалықтарына 70-80 млн текше метр көлемінде су берілген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі жергілікті атқарушы органдармен 2030 жылға дейін кешенді жоспар әзірлеген. Өңіріміздегі Бұқтырма су қоймасы – Қазақстандағы ең ірі су қоймаларының бірі. Жоспар бойынша көлемі 60 млн текше метр су сыятын қосымша тағы бір су қоймасы салынбақ.
Зайсан ауданындағы Кендірлік өзенінде салынатын жаңа су қоймасы бұл аймақтағы 20 мың гектар егістікті сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Су қоймасының құрылысы облыс үшін стратегиялық маңызды жоба болып табылады. Ол өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға, өнімділікті арттыруға және жергілікті шаруаларды тұрақты сумен қамтамасыз етуге тиімді ықпал етеді. Сондай-ақ халықтың өмір сапасын жақсартып, өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосады, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бүгінгі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті аталған жоба бойынша инвестициялық ұсыныс әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігіне келісуге жіберілді. Оң экономикалық қорытынды алғаннан кейін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалады.
– Одан бөлек өңірдегі үш гидроқұрылымдарға күрделі жөндеу және 70-тен астам ирригация жүйелерінде ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Мақсатымыз - шаруа қожалықтарына суды уақтылы және жеткілікті мөлшерде беріп тұру, – деп атап өтті министр Нұржан Нұржігітов.
Атап айтқанда, Қалжыр өзеніндегі «Победа» және «Қарақия» каналдары, Тарбағатай ауданында 6 канал, Күршім ауданының 22 каналына және Зайсан ауданының 50 ішкі шаруашылық каналдарына кешенді реконструкция жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар олардың тиімділігін 65%-ға арттырады.
- Ұлан өзеніндегі Алебастр су қоймасының құрылысын аяқтап, Үйдене, Орта Теректі және Қандысу су қоймаларын қайта жаңғыртылады. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 62,2 шақырым болатын гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңарту жүргізіледі. 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы алқаптардың көлемін 90,2 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр, - деді Нұржан Нұржігітов.
Айта кету керек, Президенттің тапсырмасы бойынша министрлік Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірледі, оған сәйкес елімізде жаңадан 20 су қоймасы салынады.
Осы орайда айта кеткен жөн, елімізде су шаруашылығы саласында мамандар жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін Президент Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институты қайта қалпына келтіруды тапсырған болатын.
– Елімізде су саласындағы кадрларды даярлайтын бір жоғары оқу орны болады. Өйткені кадр тапшылығы мәселесі шынымен өзекті, мамандар даярлауымыз керек, – деді министтр. – Одан өзге, Тараздағы өңірлік университет Ташкенттегі ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен қазақстандық студенттерді оқыту жөнінде келісімшарт жасасты. Өткен жылдан бері біздің студенттер оқу үрдісінің бір бөлігі мен іс-тәжірибені Ташкенттегі институттан өте бастады, яғни біздің студенттер екі дипомға ие болады. Алматыдағы аграрлық университетінде де Ташкенттегі институттың филиалы ашылмақ. ШҚО-дағы ЖОО-лардың бірінде де су шаруашылығы мамандарын даярлайтын факультет бар. Бірақ қазір бізге орта буын мамандары қажет. Сондықтан да республиканың бірқатар өңіріндегі колледждерде сала мамандарын даярлайтын білім беру бағдарламаларын ашуды жоспарлап отырмыз.