Күршім ауданына апарар көпір құрылысы қарқынды
Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең үлкен көпірдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр
Бүгінде көпірдің 21 тірегінің 17-сі орнатылған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Құйған ауылының маңындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін екі жолақты автомобиль көпірінің құрылысы жалғасуда. Көпірдің жалпы ұзындығы – 1316 метрді құрайды.
Бүгінгі күні көпір тіректерін салу бойынша жұмыстардың 81%-ы орындалды: 21 тіректің 17-сі орнатылды, қалған 4 тіректі орнату бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Сондай-ақ 20 аралық құрылымның 10-ы салынды. Жұмыстарды орындау үшін қажетті алаңдарды қамтамасыз ететін уақытша технологиялық көпірдің құрылысы толығымен аяқталды, - деп атап өтті ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын іске асыру үшін барлық қажетті материалдар дайын.
Айта кеткен жөн, жасалып жатқан жоба өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Жобаның сәтті аяқталуы Абай және Шығыс Қазақстан облысының көлік инфрақұрылымын жақсарта түспек.