Қара Ертістің суы қауіпті деңгейден асты
Облыс әкімдігі елді мекендерге қауіп жоғын айтады
Мамырдың 15-22 аралығында ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында Нанвань гидробекет маңында су деңгейі көтерілген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО әкімдігі ақпаратына сүйеніп.
21 мамыр 20.00-дегі жағдай бойынша судың шығын көлемі 2070 м3/с құраған. Бұндай жағдай 2013 және 2016 жылдары тіркелген.
Осы аумақта ағып жатқан Буыршын өзені трансшекаралық Қара Ертіс өзеніне, ал Қара Ертіс Зайсан өзеніне құяды.
Марқакөл ауданының Боран ауылында орналасқан гидробекеттегі көрсеткіш бойынша Қара Ертіс өзенінің деңгейі 543 см құрап отыр. Бұл қауіпті деңгейден 18 см-ге жоғары, - деп хабарлады ШҚО әкімдігі. - Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі және ТЖД жағдайды бақылауға алып, шұғыл шаралар қолдану үстінде. Жергілікті жерде атқарушы билік, полиция және прокуратура органдары алдын ала ескертілді.
Ақпаратқа сүйенсек, ауылдың төменгі тұсында өткен жылы ұзындығы 400 м, ал биіктігі 675 см болатын бөгет салынған. Бөгеттің биіктігі қазірде қауіпті деңгейден 1,5 м жоғары болғандықтан, әлі де 70 см-ге жуық аралық бар.
Қара Ертіс өзенінің деңгейі әр 4 сағат сайын өлшеніп, тәулік бойы бақылау ұйымдастырылды. Ауыл маңындағы ұзындығы 60 м болатын бөгетті күшейту жұмыстары жүргізілу үстінде. Елді мекен тұрғындары ескертіліп, төтенше жағдай туындаған жағдайда тұрғындарды уақытша орналастыру орындары әзірленді. Әзірге бөгетті күшейту жұмыстарына 11 адам және 7 техника жұмылдырылды, - делінген хабарламада. - Қазіргі кезде Боран ауылына жақын маңдағы Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Үлкен Нарын аудандарынан қосымша техника мен мамандар жұмылдырылуда. Елді мекенге төнер қауіп жоқ. Жағдай бақылауда.