Өскеменнің орталығынан алып тастаған "Бәйтерек" монументі қайда тұр?
Қазір "Бәйтерек" бөлшектелген конструкциясы "Таза Өскемен" МКК базасында тұр
Қала орталығында тұрған кезінде сәулет нысанын күтіп ұстау бойынша ешқандай жұмыстар жүргізілмегендіктен, темір құрылымның әбден тозығы жеткен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі ақпараты бойынша, оның үстіне демонтаждау кезінде кранға бекітілген сымы үзіліп кетіп, конструкцияның үстіңгі бөлшегіне зақым келген. Оны қалыпқа келтіру мүмкін емес, яғни, құрылысты пайдалану қауіпті.
Ал бұрын "Бәйтерек" тұрған Ертіс көпірінің алдындағы шеңберлі жолдағы көлік ағынын ретке келтіру бойынша бірнеше нұсқа қарастырылған. Тоғыз жолдың торабы болғандықтан, бұнда екі деңгейлі жол айрығы қалыптаспақ.
Бұл мәселені жылдам шеше қоймаса да, ең қажетті шешім осы. Ең алдымен техника-экономикалық шешімі болуы керек және ары қарай жобалық-сметалық құжаттама әзірленуі керек. Ал орталық көшедегі шеңбер іші көгалдандырылып, гүл егіледі, – деп хабарлады әкімдіктегілер.