Өскеменде араб ұлтының ұлы әсери борышын өтеп жүр
Қазақстан көпұлтты мемлекеи болғандықтан мұнда туған әр азаматтың Отаны – Қазақстан
Ал Қазақстан Республикасының азаматтары ұлтына, нәсіліне, діні мен діліне қарамастан Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тұрса, осы ұлт өкілдерінің ер азаматтары Отан алдындағы борышын Қазақстан Республкасының Қарулы Күштерінің қатарында өтейді. Биыл Өскемен гарнизонының №27943 әскери бөліміне өз әскери міндетін абыроймен атқару үшін ұлты араб сарбаз келді. Сами Эль Том Абдулла Салих Қазақстанда туылғандықтан және Қазақстан Республикасының азаматы болғандықтан биыл әскер қатарына шақыртылды.
Мен әскерге шақырту алмас бұрын Отан алдындағы борышымды өтеуге өзімді дайындай бастадым. Өзімнің физикалық күйімді қалыпқа келтіріп, ұйқы режимін түзеп, жарты жылдай телефонды қолданбауды әдетке айналдырдым. Сондықтан Отан алдындағы борышымды өтеуге мен саналы, жоспарлы түрде келіп отырмын, - дейді Сами Эль Том Абдулла Салих.
Сами Эль Том Абдулла Салих қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерінде еркін сөйлейді. Бірақ ана сүтімен дарыған тілі де, мектептегі алғаш үйренген тілі де – қазақ тілі. Отабасындағы тәлім-тәрбиесі қазақи болды.
Анам қазақ болғандықтан өң-бойыма қазақтың салт-дәстүрі, мәдениеті дарыған. Бірақ арабтардың да сәлемдесу, дастархан басындағы өзін-өзі ұстау сияқты әдет-ғұрыптарын қолданып, біліп өстім, - деп қосты жас сарбаз.
Сами полиглот қана емес, ол шығармашылыққа өте жақын. Оның сурет салу шеберлігі бір төбе болса, ақындығы бір төбе.
Қазіргі уақытта Сами Эль Том Абдулла Салих жас сарбаздар жиынында әскери өмірдің қыр-сырымен танысуда. Алда оны және оның қатарластарын әскери ант қабылдау салтанаты күтіп тұр.