ШҚО тұрғындарынан заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу акциясы басталды
Қаруды өз еркімен тапсырғандар жауапқа тартылмайды
Тіпті қару тапсырғандарға сыйақы қарастырылған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті Ішкі істер министрлігі ағымдағы жылдың 22 сәуірінен бастап заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде сатып алу бойынша акция өткізеді.
Осы акция барысында азаматтар тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарының бөлімшесіне тіркелмеген қару мен оқ-дәрілерді тапсыра алады және ол үшін ақшалай сыйақы қарастырылған, - деп хабарлайды ШҚО ПД. - Қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың түрі мен санатына байланысты республикалық бюджеттен 10-нан 100 АЕК-ке дейін төлем көзделеді, бұл ақшалай 36 920-дан 369 200 теңгеге дейінгі соманы құрайды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер немесе жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Тәртіп сақшылары жарылғыш материалдар мен оқ-дәрілер тауып алған азаматтарға жарақаттанып қалмау үшін оларды орнынан қозғамай, бірден 102 немесе 112 телефондары арқылы полиция бөлімшелеріне хабарлауды ескертеді.