ШҚО-да жаңа туған нәресте тікұшақпен ауруханаға жеткізілді
Өскеменнен шыққан жаңа босанған келіншек баласымен ауылына жете алмай қалған
Бүгін санавиация дәрігерлері Абай облысы аумағында қалып қалған тарбағатайлық жас ана мен жаңа туған нәрестені облыс орталығына ауруханаға жеткізді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жас босанған келіншек Өскеменнен Тарбағатайға таксимен шыққан екен.
Өскемендегі Ана мен бала орталығында босанған 2002 жылғы келіншек таксимен Тарбағатайға жолға шыққан, - деп хабарлады ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы. - Алайда су деңгейі көтеріліп, жол жабылғандықтан, Көкпекті ауданының Тассай ауылында қалып қойған. Өзін жайсыз сезініп, денсаулығына алаңдағандықтан, дәрігерлерге жүгінген.
Бүгін таңғы уақытта жас ана мен нәресте тікұшақпен Өскеменге жеткізіліп, облыстық аурухананың гинекология бөліміне жатқызылды. Ал нәресте Ана мен бала орталығында дәрігерлер бақылауында. Өмірлеріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.