ПАРАЛИМПИАДА-2024: ұлттық құрама қоржынында 11 жолдама бар
28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде (Франция) XVII Паралимпия ойындары өтеді
Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 9 түрінен өнер көрсетуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Устинка LIVЕ сайтының тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Жалпы жарыс спорттың 23 түрінен ұйымдастырылса, қазақстандықтар пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, отырып ойнайтын волейбол, пара нысана көздеу сайыстары бойынша сынға түседі.
Осы уақытқа дейін паралимпиадашылар 11 лицензия жеңіп алды: отырып ойнайтын волейболдан ерлер құрамасы – 1, пара жеңіл атлетика бойынша ядро лақтыру – 1, пара жүзу – 3, пара каноэ – 1, пара пауэрлифтинг – 1, пара таеквондо – 3, пара нысана көздеу – 1, - деп хабарлады министрліктегілер. - Сонымен қатар, биыл Паралимпиадаға лицензия беретін 23 спорттық іс-шара жоспарланған.
Айта кету керек, Токио-2020 Паралимпиадасына Қазақстан ұлттық құрамасының 25 спортшысы қатысып, 5 медаль (1 алтын, 3 күміс және 1 қола) ұтып алған. Еліміз жалпыкомандалық есепте 48-орында тұр.