Екі жүзден астам ауыл оқушысы қазір Өскеменде білім сайысында бақ сынауда
Шығыс Қазақстан облысында ауыл балаларына арналған IQanat олимпиадасының II кезеңі өтіп жатыр
Екінші кезеңге Зайсан, Шемонаиха, Трабағатай, Глубокое, Алтай, Катонқарағай, Күршім, Самар және Ұлан аудандарынан барлығы 226 бала өткен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
IQanat олимпиадасы жыл сайын елдегі ауылдарда білім алатын 8-сынып оқушылары арасында өтетін білім сайысы. Олимпиаданы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен IQanat Қоры ұйымдастырады. Мақсаты – білімге құштар ауыл оқушыларын табу және қолдау, жастардың білімге деген қызығушылықтарын ояту, оларға өз әлеуетін ашуға көмектесу, өзіне сенуге және бастама көтеруге үйрету.
Айта кетейік, аталған белесті бағындыруға Қазақстанның барлық өңірінен 10 мыңнан астам бала күш салады. Бұл ретте олардың 70%-ға жуығы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан. Ал оның ішінде 91%-дан астамы көп балалы отбасылардан болса, 13%-ы толық емес және 4%-ы көпбалалы және толық емес отбасылардан.
Екінші кезең пәндік бағытқа ие, яғни оқушылар математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы және география сияқты пәндер бойынша тестілеуден өтеді.
Дәл осы асуда ақтық сынға жолдама алатын 1000 бала анықталады. Үздіктердің бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатына тегін оқуға, ал екінші бөлігі – Олимпиададан кейінгі үшжылдық тегін қолдауға қабылданады. Осылайша балалар ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға қарқынды дайындалып, ағылшын тілін, ІТ-дағдыларды, soft skills, кәсіпкерлікті және басқа да салаларды оқиды. Сондай-ақ олар жетістіктерге ынталандырылып, үлгерімдері назарда ұсталады.
Тиісті күшті академиялық дайындықтың арқасында IQanat бағдарламаларымен қамтылған балалардың 90%-ы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсіп келеді. Қазір IQanat түлектері әлемнің 15 елінде оқып жатыр.
Бүкіл Қазақстан бойынша олимпиаданың бірінші кезеңінде 60 мыңға жуық бала қатысты. Соның ішінен іріктеліп өткен 226 баланың әрқайсысы жеңімпаз деп есептеуге әбден болады. Бүгін олимпиада 5 негізгі пәннен өтеді, барлығы 100 минут беріледі. Екінші кезеңнен өткендер Астана қаласындағы слетке барады. Ол жерде Бурабайдағы IQanat High School, яғни, жеке мектеп-пансионатқа түсуге мүмкіндік беріледі. Айта кеткен жөн, биылғы жаңалық – фналға өткен әр оқушы әлемнің үздік жоғары оқу орындары, яғни, Айви Лигасы (Плющ Лигасы) университеттері оқуға түсуге мүмкіндік алады. Барлық оқушыларға сынақтан сүрінбей өтулеріне тілектеспін, - дейді Iqanat білім беру қорының Менторлық және кәсіптік бағдар беру жобасының жетекшісі Анар Матыбаева.
IQanat Қоры қарапайым отбасынан шыққан ауыл балаларына тамаша мүмкіндік береді. Жоба дарынды ауыл оқушылары үшін тұғырға айналған. Мұнда қоғамның белсенді мүшесі болуға мотивация беріледі, мұнда беделді халықаралық жоғару оқу орындарына грант алуға мүмкіндік жасалған. Соңғы жылдары ішінара және толық қаржыландыруды қоса есептегенде 41 халықаралық университетке шақырту алған екен.
Бұған дейін олимпиадада шығыстың намысын асқақтатқан оқушылар арасында Тасқынбек Ерасыл, Алпысов Мирас, Өрлеу Ернар, Нұрлыбек Арлы, Саломонов Владислав, Баян Қасымоваларды атап өтуге болады.
Мәселен, Көкжыра ауылының тумасы Баян Қасымова Iqanat олимпиадасының 2022 жылғы қатысушысы. Бастапқыда бұл олимпиада ұсынатын мүмкіндіктер туралы толық білмесе де, қатысып бақ сынап көрген.
Бірінші кезеңде бүкіл елден 37 мыңдай бала қатысқандықтан, мен өз қабілетіме тіпті сенген де жоқпын, - деп еске алады Баян Қасымова. - Оған дейін түрлі білім сайыстарына қатысып көргенмін. Бірақ бұл олимпиада өте ерекеше еді. Өйткені осы жерде жаңа достар мен таныстар таптым. Үшінші кезеңге өтіп, мектепке түсу үшін емтихан тапсырдық. Сөйтіп нәтижесінде мектепке өткендерді марапаттау салтанатында ШҚО-дан ең бірінші менің есімім аталды. Мектепке өткеннен кейін 9-сыныпта Foundation онлайн сабақтар өтті. Ол кездер емтихандар мен сынақтарға толы болды. Бірақ 2023 жылы 10-сыныпқа аяқ басқаннан кейін өзіме, өз қабілетіне толық сенім пайда болды.