Мажарстанның Елшілігінің делегациясы ШҚО студенттерімен кездесті
С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да мажардың ұлы перзенті, кемеңгер ақын Шандор Петефи шығармашылығына арналған көрме ашылды
Көшпелі көрмені Мажарстан Елшілігінің делегациясы алып келді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ресми делегация құрамында Қазақстандағы Венгрияның Төтенше және Өкілетті елшісі Рона Отто Иван, ҚР-дағы Венгрия Елшілігінің консулы Денге Анико және Рона Отто Иван мырзаның жұбайы – Рона Наталья ханым бар.
Көшпелі көрмені Қазақстандағы үшінші қалаға әкеліп отырмыз. Бұған дейін Астана мен Алматы студенттері тамашалап, танысты, - дейді Рона Отто Иван. - Өткен жылы бүкіл әлем венгр халқының ақыны және ұлттық батыры Шандор Петефидің туғанына 200 жыл толуын атап өтті. Ол небары 26 жыл өмір сүрді. Өзінің қысқа ғұмырында мыңнан астам өлең жазып кетті.
Шандор Петефи - Венгриядағы 1848-1849 жылдардағы революция жетекшілерінің бірі, Венгрия армиясының жауынгері болған, неміс, француз, ағылшын тілдерін жетік меңгерген, өлеңдері арқылы азаматтық ұстанымын көрсеткен. Бұл тұрғыдан Петефидің шығармашылығы қазақтың қайсар ақыны Махамбет Өтемісұлымен үндеседі.
Аманжолов университеті Венгрияның бірқатар жоғары оқу орындарымен көп уақыттан бері бірлесіп жұмыс істеп келеді. Бірінші келісімшарт 1998 жылы Сегед ғылыми университетімен жасалған. Бүгін біз жоғары оқу орны қабырғасында екі ел арасындағы әріптестікті нығайтуға септігін тигізетін ауқымды көрме өтіп жатқанына қуаныштымыз, – деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Оқытушылар мен студенттер белгілі ақынның өлеңдерін мәнерлеп венгр тілінде және қазақ және ағылшын тілдеріндегі аудармаларын оқыды.
Венгрия мен үшін өте қызықты. Себебі болашақта академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша дәл осы елге барып білім алмасқым келеді. Мен бүгін Венгрия Елшілігінің делегациясымен кездескеніме қуаныштымын және осындай мүмкіндіктер үшін университет басшылыған алғыс білдіремін, - дейді халықаралық қатынастар мамандығының 3-курс студенті Гүлім Қажымұратова.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы университетте "Қазақ-мажар алтайтану зерттеулері: ежелгі заманнан бүгінге дейін" халықаралық ғылыми семинары өткен болатын. Сол кезде мажар ғалымдары мен университет тарихшылары Шығыс Қазақстанның тарихи орындарына экспедиция жасаған еді. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары арасында студенттер мен оқытушыларға арналған академиялық ұтқырлық бағдарламасы да өнімді жұмыс істейді.
Кездесу соңында қонақтарға ЖОО-ның ғылыми-зерттеу орталықтары таныстырылды. Дипломаттар отандық ғылымды қарқынды дамытуға мүмкіндік беретін сапалы және заманауи материалдық-техникалық жарақтандырудың маңыздылығын атап өтті.