О. Бөкей атындағы кітапхана оқырмандары ұлттық ойындар ойнап жарысты
Наурызанаманың жетінші күні – Ұлттық спорт күні
Кітапханаға келген оқушылар үшін ләңгі, асық, бестас, тоғызқұмалақ ойнайтын алаңдар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл жерде балалар ұлттық ойындарды үйреніп, бір-бірімен жарыса ойнады. Кітапхана ата-бабадан жеткен асыл мирасымызды кеңінен насихаттап, жастарға үйрету мақсатында заманауи технологиямен үйлестірген. Ол ұлттық ойынға деген балалардың қызығушылығын одан әрі арттыра түскендей.
Асықты қолға ұстап ойнаудан бөлек, келушілер VR дулығамен виртуалды әлемде де асық ойнап көрді. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері ұялы телефондағы қосымшада асық ойнауды үйретіп, 3D принтермен асық жасауды көрсетті.
Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес О. Бөкей атындағы кітапханада 14-23 наурыз аралығында мерекелік, танымдық шаралар өтіп жатыр - дейді кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова. - Мәселен, бүгінгі Ұлттық спорт күніне орай келушілер үшін жарыстар ұйымдастырдық. Балаларға қазақтың ұмытылып бара жатқан асық, ләңгі, бестас сияқты ойындарын үйретіп, насихаттаудамыз. Одан өзге, "Оюлар сөйлейді" фестиваль-жәрмеңке, "Тәуелсіз Отанымның тарихы" кітап көрмесін өткізіп, Қайырымдылық күніне орай қалалық кітапхана Балалар ауылындағы тәрбиеленуші жасөспірімдерге кітаптар сыйлады.
Кітапхананың оқырман залы бірнеше аймаққа бөлініп, кітапхана қызметкерлері оқушыларға бестас, асық, тоғызқұмалақ ойындарын үйретіп, өзара сайыстар өтті. Сонымен қатар, әр ойынның тарихынан терең мағлұматтар берілді.
Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабамыз төрт түліктің ет-сүтін тағам етіп пайдаланса, тері-жүнін киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттарға пайдаланған. Сондай-ақ, сүйегін де текке тастамай, балаларына ойыншық ретінде қолданған. Мәселен, асық ойыны, "Ақсүйек" ойындарын айтуға болады, - дейді кітапхана қызметкері Айдариға Әшірәп. - Одан өзге, балаға табиғатты сезіндіру мақсатында топырағын бұрқылдатып бестас ойнатқан. Медицина мамандары құмда ойнаған баланың денсаулығы жақсы болады деп айтып жатады ғой. Далада жерде жалаңаяқ отырып бестас ойнау балалаға өте пайдалы екенін қазақ баяғыда дәлелдеп кеткен. Оның үстіне, саусақ моторикасын дамытады. Мәселен, бес тас ойыны бірнеше кезеңдерден тұрады. Әр кезең баланың бойындағы икемділік, шапшаңдық және тез ойлау қабілеттерін дамыта түседі.
Қаланың баласы бұндай ойындардың бар екенін де біле бермейді. Ата-аналар үйде ұялы телефонға үңіліп отырған баласына осы шығынсыз, бірақ пайдасы зор қарапайым ойындарды үйретіп қойса, пайдасы тимесе, зияны болмас.