Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл
Он жылға созылған соғысқа 22 мың қазақстандық қатысып, 924 боздағынан айырылған
Бұл күнде Ауған соғысының қанды қырғынынан аман-есен оралғанымен, жандары жаралы ардагерлер ортамызда жүр.
Осыған орай А.С. Пушкин атындағы кітапханада облыс орталығында тұратын Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен "Ауған ақиқаты" ерлік сағаты өтті. Басқосуға мектеп оқушылары, әскери полиция қызметкерлері, ҚР Ұлттық ұланы "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының сарбаздары қатысты.
10 жылға созылған соғысқа 22 мың қазақстандық қатысып, 924 боздағынан айырылған. 1015 адам елге мүгедек болып оралса, 21 солдат із-түзсіз кеткен. Бұл күнде Ауған соғысының қанды қырғынынан аман-есен оралғанымен, жандары жаралы ардагерлер ортамызда жүр.
Ерлік сағатында өмірінің жауқазын жастық шағын оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан жерлес майдангерлер Сағымбай Рамазанов, Еділ Түгелбаев келді.
Ардагерлер өткен күнді еске алып, тағылымды әңгімелерімен бөлісіп қана қоймай, жастардың тәлім-тәрбиесі жайлы ой өрбітіп, кездесуге келгендердің сұрақтарына жауап берді.