ШҚО-да мектепте бұрын сотты болғандар жұмыс істеген
Самар ауданындағы мектептердің бірінде бұрын қылмыс жасаған мұғалім мен күзетшілер жұмыс істеген
Бұны Самар ауданының прокуратурасы анықтады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО Прокуратурасының ақпаратына сүйеніп.
Білім беру ұйымдарында еңбек кодексін бұзу фактілері анықталды, - делінген прокуратураның хабарламасында. - Атап айтқанда, Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 3-тармақшасының талаптарына қайшы, аудандық мектепте бұрын қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған мұғалім мен 2 күзетші жұмыс істеді. Сондай-ақ, психиатриялық дертіне байланысты "Д" есебінде тұрған бір адам (көмекші персонал) балалармен жұмыс жүргізгені анықталды.
Тексерістен кейін бұл адамдар жұмыстан шығарылған, кінәлі лауазымды адамдар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Заңнамада көзделген шектеулері бар педагогтің кәсіби қызметіне рұқсат бергені үшін мектеп басшысына ӘҚБтК-ның 409-бабы 7-5-бөлігінің 5-тармағы бойынша 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.