Өскемен тұрғыны дүкеннен шырша ұрлаған
Дүкендегі жасанды шыршаны ұнатып қалған ұры оған тегін қолжеткізгісі келген
Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен ұрыны анықтап, қолға түсірді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ПД ақпаратына сүйеніп.
"102" жедел арнасына қала дүкендерінің бірінің иесі жаңажылдық шыршаның ұрланғаны туралы арызбен жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қызметкерлер бейнебақылау камераларының көмегімен ұрының бағыт-бағдарын ғана емес, күдіктінің жеке басын да анықтаған. Ол бұрын істі болған облыс орталығының 49 жастағы тұрғыны болып шықты, - делінген хабарламада.
Ер адам полиция қызметкеріне дүкенде мас болғанын және сөреде жатқан жасанды шыршаның оған қатты ұнағанын, сондықтан оны пәтерін безендіру үшін алып кеткенін айтқан.
Осы факті бойынша ҚР ҚК-ның 188-бабы 1-бөлігі "Ұрлық" бойынша қылмыстық іс қозғалды.