Самарлық жас балуан республикалық байқауда топ жарды
Самар ауданның балуандары еркін күрестен республикалық жарысқа қатысып, топ жарып шықты
Республикалық деңгейдегі жарысқа қатысып, ауданымыздың ғана емес, облысымыздың атын шығарған жас балуан - Елнұр Тайшинов, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Ол Көкшетау қаласында Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған республикалық "Алтын борцовка" еркін күрес жарысында жүлделі үшінші орынға ие болды. 2014-2015 жылы туылғандар арасындағы жекпе-жекте Елнұрдың салмағында 48 балуан белдесті. Осы 48 балуанның арасында топ жарып, үздік атанданған Елнұр Тайшинов ауданымыздың мақтанышына айналды.
Елнұрды спортқа баулып, оның еркін күрестегі шеберлігін шыңдаған бапкері Еркебұлан Махадиевке алғысым шексіз. Оның өз ісіне деген махаббаты, шәкірттеріне деген сенімі, оның бапкер ретіндегі ептілігі мен шеберлігінің арқасында менің ұлым шыңдалып, осындай үлкен жетістіктерге жетіп отыр, - дейді жас балуанның анасы Айгерім Тайшинова.
Республикалық жарыстағы жүлделі жеңіс Самар ауданының спортшыларының, еркін күрес балуандарының арасында ұзақ жылдар бойы алынбай келген белестерінің бірі еді.