Денсаулық сақтау министрі тегін дәрі-дәрмектің кімге тиесілі екенін айтты
Денсаулық министрі Тамара Дүйсенова дәрі-дәрмектің бағасы неге қымбаттап жатқанын және тегін дәрілер кімдерге тиесілі екенін айтты
Фото:
vrk.news
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі бүгін ғаламтор қолданушылардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды «КТК телеарнасының сайты».
Онлайн конференцияда Тамара Дүйсеноваға мыңға тарта сауал жолданған. Соның ең өзекті деген елуіне министр жауап беруге тырысты. Әсіресе халықты міндетті медициналық сақтандыру, мүгедектер және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері толғандырады екен. Бұдан бөлек жеке басының жағдайын айтып хат жазғандарда жетерлік.
Он күн бұрын жоспарланған онлайн-конференция «Закон.кз» сайтында ұйымдастырылды. Осы аралықта ғаламтор қолданушылары Тамара Дүйсеноваға мыңнан астам сауал жолдаған. Әсіресе халықты міндетті медициналық сақтандыру мәселесі көп толғандырады екен. Сондықтан министр бұл мәселеге жан-жақты тоқталып, жаңа жүйенің артықшылығын түсіндіруге тырысты. Дүйсенованың айтуынша, бұдан былай кез-келген азамат осы сақтандыру арқылы қалаған ауруханасына барып емделе алады.
Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
- 2016 жылдың шілдесінен бастап міндетті сақтандыру қоры құрылатын болады. 2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс беруші қажетті жарналарды төлей бастайды. Ал жұмысшының өзі 2019 жылдан бастап. Ал 2017 жылдың 1-шілдесінен бастап қордан медициналық мекемелерге көрсеткен медициналық көмегі үшін қаржы төлене бастайды.
Сондай-ақ сұрақтардың ішінде ауыр дертке шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де көп кездесті. Министрдің мәліметінше, елімізде диспансерлік есепке алынған екі миллионнан астам тұрғын бар. Оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қазынадан жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді - дейді министр.
Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
- Жыл сайын республикалық бюджеттен науқастардың дәрі-дәрмегіне он миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл ақшаға жергілікті атқарушы
билік тиісті дәрілерді сатып алып, ауыр дертке шалдыққан науқастарға береді. Биыл елімізде аурудың 49 түрін тегін емдеу қарастырылған.
Бұдан бөлек министрге мүгедектер мәселесі, әлеуметтік төлемдер мен жеке басының жағдайын айтып хат жолдағандар да көп.
- Бірақ онлайн-конференция екі сағатқа жоспарланғандықтан қойылған сұрақтардың тек 50-іне жауап қайтарылды. Қалғандары да қараусыз қалмайды. Оларға Тамара Дүйсенова басқаратын министрлік қызметкерлері алдағы бір ай ішінде жазбаша жауап беруі тиіс.