Ақтөбе облысында айлығы қысқарған мұнайшыларға бюджеттен ақша бөлінбек
Қазақстандық мұнайшыларға мемлекеттік бюдеттен қаражат бөлу арқылы құтқармақшы. Дағдарысқа қатысты жалақыларынан қағылған жұмысшыларға субсидия төленеді
Фото:
ej.by
Дағдарыс кесірінен айлығы қысқарған жұмысшыларға қазына қаржысынан ақша берілетін болды. Бұған, әсіресе, еліміздің батысындағы мұнайшылар алақандарын ысқылап отыр, деп хабарлайды «КТК телеарнасының сайты».
Ақтөбе облысының өзінде қара алтын өндіретін үш бірдей компания жұмысшыларын мемлекет қаржысы арқылы жарылқау туралы өтініш білдірген. Дегенмен, аймақтағы жұмыспен қамту басқармасындағылар оларға сәл шыдай тұруға кеңес берді. Өйткені ақшаны жұмысшыларға тарату жолы әлі бекітілмепті. Шенеуніктер көмек сұрағана кез-келген компанияның қолына ақша ұстата салмайтындарын айтады. Тек жұмысы тұралап, қызметкерлерінің айлығын қысқартқан ірі кәсіпорындарға ғана арналған екен. Қазір бұл мақсатта бір ғана Ақтөбе облысының өзіне 400 миллион теңге қарастырылған. Оны жарты жыл бойы айлығының жартысы қысқарған азаматтарға беріп отырады.
Любовь Остафейчук, Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
- Әзірге аймақтағы ең ірі 20 кәсіпорынның үшеуі ғана бізге хабарласты. Олардың барлығы мұнай айналасындағы сервистік компаниялар. Дағдарысқа байланысты жұмысшыларының қызмет уақытын азайтып, айлығын қысқартқан екен.