Күршімдегі екі ауылда жаңа медпункт ашылды
Тәуелсіздік күніне орай Жолнұсқау және Аманат ауылдарында жаңа медициналық пунктің ашылу салтанаты өтті
Сондай-ақ, бірнеше ауылдың көпбалалы отбасыларына баспана кілттері де табысталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Елімізде денсаулық сақтау саласының мәселелері: халыққа сапалы медициналық көмек көрсету, қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базасын жақсарту, озық технологияларды қолдану әркез мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Ауданымызда денсаулық сақтау саласының материалдық базасы күннен-күнге жақсарып келеді. Бұған дәлел үстіміздегі жылы аудан көлемінде бес жаңа медициналық пунктің салынуы. Тәуелсіздік мерекесі аясында Жолнұсқау мен Аманат ауылдарындағы жаңадан салынған медициналық пунктер салтанатты түрде ашылып, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі, - деп хабарлады Күршім ауданы әкімдігі.
Одан өзге, Бірлік, Бесжылдық, Барақ батыр ауылдарында балалар ойын алаңдары мен шағын футбол алаңдары ашылды. Ал Алғабас Жолнұсқау ауылында екі жаңа үйдің құрылысы аяқталып, кілті көпбалалы отбасыларына табысталды.
"Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы әсіресе елді мекендерде тұрғын үй мәселесін шешуге оңтайлы септігін тигізіп жатыр. Үйлер заманауи технологиямен салынған, барлық қажетті инфраструктурамен жабдықталған, - деді әкімдіктегілер.