Өскемендіктер "Желтоқсан алауы" монументіне жиналды
Желтоқсаншылар мен қала тұрғындары желтоқсан оқиғаларының құрбандарын еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды
Естеріңізге сала кетейік, былтыр дәл осы күні облыс орталығында боздақтар рухына арналған мүсіндік композицияның салтанатты ашылуы өткен болатын, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бүгін, Тәуелсіздік күні Өскемен қаласының тұрғындары мен шығыстан шыққан желтоқсаншылар Ертіс жағалауы бойындағы аллеяда бас қосты. Желтоқсан оқиғалары құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алып, монументке гүл шоқтарын қойды,
Қасіретті де қайғылы желтоқсан оқиғасында құрбан болған боздақтарды еске алу үшін, күннің суығына қарамастан, қаншама азамат жиналды. Баршаңызға желтоқсаншылар атынан алғыс айтамын. Қанмен, қаншама қиыншылықпен келген тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын! - дейді "Желтоқсан-86" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Маратбек Рамазанов.
Бұл күні Өскеменге Алматы, Астанада тұратын шығыстың желтоқсаншылары да арнайы келді. Олардың бірі - әділетсіз саясатқа қарсы шыққаны үшін қудаланған Гүлжан Кәрімғазина.
Желтоқсан көтерілісін еске алу өте қиын. Ондай оқиғалар енді қайталанбасын, жастарымыз ондай зұлматты көрмесін. Желтоқсан құрбандарының рухтары бейіштің төрінде шалқысын. Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз мәңгілік болғай! Жастарымыз бақытты болсын! - дейді Гүлжан Кәрімғазина.
Гүлжан Каримгазина жазықсыз жала жабылып, қамауға алынғанда небары 17 жастағы үрімдей қыз екен. Өскемен қаласының Кооперативтік техникумында оқып жүрген кезі.
Бізге Алматы жастары мен милицияларының арасында - Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан Д.А. Қонаевты алып, Колбинді тағайындағаны үшін - қақтығыстар болып жатқаны туралы хабар 3-ші курс оқып жатқан кезімізде келді. Дәл осы кезде біздің көзқарасымыз, дүниетанымымыз басқа болғандықтан ба, Алматы қаласындағы ереуілге шыққан жастарды қолдауға арналған парақшаларды жасырынып жазып жүргенде біздетіпті қорқу деген сезім болмапты, - деп еске алады Гүлжан Кәрімғазина ("Шығыстық желтоқсандықтар" кітабынан).
Гүлжан қатарлас өскемендік жастар Алматыдағы алаңға шыққан студенттерді қолдау мақсатында үндеу парақшаларын жасап, қалаға іліп шыққаны үшін айыпталған.
23 желтоқсанда комсомол ұйымының жиналысы болды. Жиналыста мені, Қалибаева Бақытты, Әлімбаева Амангүлді жəне тағы бірнеше қызды ұйымнан шығарды жəне оқудан шығарылуымыз мүмкін екенін хабарлады. Біз, əрине, барлығымыз жыладық. Мен үшін техникумнан шығып қалу өте ұят еді. Оның үстіне соңғы курс, дипломға да аз қалған болатын. Ата-анама қай бетіммен қараймын, үйге қалай қайтамын деп уайымдадым. Білмеймін, шарасыздықтан ба, ашудан ба бізді сатып жіберген қызға "Бізді МҚК не ұстап бергеннен не таптың?" деп бас салдым. Содан соң тұтқындалдым, алдын ала қамауда ұстау камерасына қамалдым. Тағы да тергеулер, камера, қамау, сот, - деп еске алады Гүлжан Кәрімғазина.
Ақыры 173-баптың 2-тармағы бойынша сотталған: "Халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау". Сөйтіп, 1 жылға бас бостандығынан айырылған.
Мені ұстап алып, тергеп, қорқыту, үркіту болғанда да алған бетімнен қайтпадым. Өйткені мені ата-анам əділетсіздікке жол бермеуге, елімді, жерімді сүюге тəрбиелеген, - дейді қайсар қыз. - Сонымен, 1986 жылдың 23 желтоқсанынан бастап, 1987 жылдың 12 наурызына дейін мен Өскеменнің "Крепость" деген түрмесінде болдым. Мені осы "Крепостьқа" жапқанда, жіберілетін тағамдарға тыйым салынған болатын, мен тек түрменің ботқа-баландасын жеуіме тура келді. Бірақ, ұзынқұлақ әңгіме тез таралады ғой, содан еркектер отыратын камера жағында мен туралы естіген адамдар мені қолдап, "батыр қызымызға" деп арнайы адамдардан үнемі тәтті тағамдар жіберіп отырды.
18 жасқа толуына 13 күн қалғанда Гүлжанды Ресейдегі (Новый Оскол) қаласындағы кəмелеттік жасқа толмаған балалар колониясына жөнелткен.
Новый Осколға жеткенше 1 жарым айымды жолда вагонзак-столыпинда, Қазақстаннын, Ресейдің көп қалаларынын уақытша түрмелерінде өткіздім, - дейді Гүлжан Кәрімғазина. - Жаңа (Новый) Осколға жеткенде, мені, сосын этапта қосылған Нарқыз атты өзбек қызы және алты орыс ұлтының қыздарын карантинге жатқызуды ұйғарды. Сондағы басқарушылар мен қызмет көрсетушілер өздерінің басқа ұлттардан үстем екенін көрсету үшін және шовинистік тұрғыда, біз мұсылман болғандықтан ба екен, сол Нарқыз екеуміздің шашымызды тақырлатып алып тастады, ал ана алты орыс қызға тиіспеді.
Сол жерде 18-ге толғанда қайтадан Қазақ ССР-ына жіберген. 1987 жылдың тамызында амнистиямен бостандыққа шығып, үйіне қайтқан. 1990 жылдың қыркүйек айында ақталу туралы қаулы шаққаннан кейін Өскемен қаласындағы кооперативтік техникумна қайта оқуға қабылданып, оқуын аяқтап, диплом алып шыққан.
Арада қырық жылға жуық уақыт өткеннен кейін артқа бұрылып, өзіме "желтоқсанға не үшін қатыстым?, "Неге әке-шешеме, ағама салмақ салдым?", "Егер бəрін артқа қайтарсам, қалай əрекет етер едім?" деген сұрақтар қоямын. Мен үшін бұл – отансүйгіштік, патриотизм, ұлтыма, еліме деген махаббат, өмірімді қайта бастасам да осы жолдан таймаған болар едімдеп, жауап берер едім. Өйткені мені ата-анам солай тəрбиеледі, сол үшін жасаған әрекетіме еш өкінбеймін. Тіпті өзімнің Тəуелсіздік жолына қосқан кішкентай үлесім үшін мақтанамын да, - дейді Гүлжан Кәрімғазина.