ШҚО ТЖД-да ел Тәуелсіздігінің құрдастары да еңбек етуде
Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 32 жыл толып отыр
ШҚО ТЖД құтқарушылары арасында Тәуелсіздіктің төл құрдастары абыроймен қызмет етіп келеді.
Мәселен, Үлкен Нарын ауылының №26 өрт сөндіру бөлімінде еліміз азаттық алған жылы дүниеге келген Нұржан Лухбеков есімді азамат жүргізуші болып жұмыс істейді. Ол 11 рет дала өртіне, Берел орманшылығының орман өртін сөндіруге қатысты, онда ол төзімділік танытып, жетуі қиын таулы жерлерде отпен күресті. Өзімен бірге ауыр жабдықты көтере жүріп, тауға бәрінен бұрын жетіп, жалынды сөндірді. Нұржан бөлімнің спорттық өміріне белсенді қатысып, бірнеше рет футболдан жарыстарда жеңіске жетті. Нұржан тамаша механик, техниканың қыр-сырын біледі.
Мен үшін өз елімнің тәуелсіздігімен құрдас болу - үлкен абырой. Мен ата-анам мен елімнің үмітін ақтауға тырысамын, - дейді азаматтық қорғау аға сержанты Нұржан Лухбеков.
Өскемен қаласының №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Ерлік Жағыпаров азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызмет етеді және 10 жылдан астам уақыт бойы өрт апатымен күресуде.
Ауысымға келген кезде қарбалас басталады. Өйткені біздің бөлім қаланың ең тығыз қоныстанған аймағында орналасқан және көптеген нысандар бар. Сол себепті де бір күнде бірнеше рет шақыртуға шығатын кездер болады, - деп бөлісті Ерлік Жағыпаров.
Жұмыстан бос уақытын отбасымен өткізетін оның өмірлік жары да құтқарушылар қатарында. Ол Өскемен қаласындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің диспетчері болып қызмет етеді.
Азаматтық қорғау старшинасы Аманжол Кәрібаев Риддер қаласының №1 МӨСБ бөлімше командирі ағымдағы жылы ғана әріптестерімен 22 авариялық-құтқару жұмыстарына қатысқан: тұрғын үй секторындағы 7 ірі өртті жойды. "Риддер ЖЭО" АҚ-да өрт сөндіру жұмыстарына қатысты. Жұмысының қиындығына қарамастан, 10 жыл бойы ТЖД-да қызмет етіп келе жатқан Аманжол мұндай жолды таңдағанына өкінбейтінін айтады.
Радиотелефоншы Дана Қожағапанова Өскемен қаласының №4 ӨСБ-да қызмет етеді және ер адамдармен қатар жүріп өртпен күреседі. Сондықтан қызмет ету кезеңінде ол бірнеше рет ірі және күрделі өрттерде радио алмасуды жүргізді. Өзінің функционалдық міндеттерін жетік меңгергендіктен оның әріптестеріне өртті жылдам сөндіруге септігі көп тиген.
Диспетчерге ақпаратты дұрыс нақтылау маңызды - алынған мәліметтерге сүйене отырып, жіберілетін техника мен өрт сөндірушілердің саны туралы дереу шешім қабылдау керек. Мұнда әр секунд маңызды. Шағын аудандардың, көшелердің, үйлердің, ірі өндірістік нысандардың орналасуы - бәрі біздің басымызда. Бөлімшеге қысқа маршрутты ұсыну немесе жақын жердегі гидрант туралы хабарлау қажет болады, - деп атап өтті Дана Қожағапанова.
Ал Айбол Әбішев - Серебрянск қаласының №19 өрт сөндіру бөлімінің командирі. Бір жыл ішінде 12 авариялық-құтқару іс-шарасына қатысты. Мәселен, Өскемен-Алтай тас жолында құрғақ шөп, бұталар өртенген кезде атсалысқандардың бірі осы Айбол еді.
Табандылық пен шебер іс-әрекеттің арқасында әріптестеріммен өртті ауыздықтап, оның таралуына жол бермедік. Мен өз кәсібімді мақтан тұтамын және тәуелсіз мемлекетте тұратыныма шүкір етемін, - дейді Айбол Әбішев.