Тарих тарту еткен Тәуелсіздік - Ұлттық ұланға аманат
Тәуелсіздік – кемел келешекке жол бастайтын дара темірқазық
Сондықтан болар мемлекеттік мерекенің мазмұны тереңде жатыр.
Бүгінде қаншама ұлт пен ұлыстың бостандық атты аңсаған арманы аяққа тапталып, еркіндікке қол жеткізе алмай, діңкесі құруда. Баһадүр бабаларымыз, ел үшін жұдырықтай жүрегін шүберекке түйіп, қасқалдақтай қаны қалғанша шайқасқа түскені әмбеге аян. Батыр бабалар салған сүрлеуді ызғарлы желтоқсанда қаракөз қазақтың қылышты ұлдары мен құрышты қыздары азаттықтың даңғыл жолына жетеледі. Ал азаттықтың даңғыл жолымен жүру – болашақ ұрпақ үшін ұлы бақыт екендігі ақиқат. Міне, осы бір ұлы бақытты көздің қарашағындай сақтап, қызғыш құстай қоруда Ұлттық ұлан сардарларының атқарар рөлі ерекше.
Баянды болашақтың мұқалмас берік іргетасы желтоқсан оқиғасында қаланды. Өскелең ұрпақ қолында бостандық атты аманаттың бар екендігі баршамызға мәлім. Осы бір қастерлі аманатқа көз алартушылар жарқын күндерімізге дақ түсіретін оқиғаларда ұйымдастырғаны жасырын емес. Қаңтар қақтығысында ел тыныштығына қалқан болған Ұлттық ұлан жауынгерлерінің еселі еңбегі айрықша. Олар ел басына күн туғанда, арам пиғылдылармен бетпе-бет келіп, қарсы тұрып, табандылық танытты. Өйткені қаскөйлер бұқара арасына іріткі салып, мызғымас баянды Тәуелсіздікке нұқсан келтірмек болды. Тәуелсіздікке жету қаншалықты нәубетке толы болса, Тәуелсіздікті; сақтай білу де аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл ретте "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы жауынгерлері бейбіт аспан астындагы көк туымыздың мәңгілік желбіреп тұруына семсер сүйіп серт берген.Бұл серт ұлы бақытқа кенелген азат елдің озат ойлы азаматының бойынан ғана табылады. Сондықтан қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай күндердің үздіксіз жалғасуы – ұландықтардың ұлы борышы болып табылады. Ұлтымыздың ұлы ұстыны саналатын тұғырлы Тәуелсіздігіміз баянды болғай!
Атабек Салықбаев,
"Шығыс" ӨҚ қолбасшысының
тәрбие және әлеуметтік-құқықтық
жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник