Өскеменде бір жастағы бала көлікте қамалып қалған
Көліктің есігі абайсызда жабылып, ішінде бір жастағы бала қалып қойған
Есікті ашуға құтқарушылар көмектесті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ТЖД ақпаратына сүйеніп.
Өскемендегі Бульвар Гагарин көшесінде "Шевроле Нексия" маркалы көлік салонының есігі абайсызда жабылып қалған. Көлікке қамалып қалған бір жасар сәбидің анасы құтқарушылардан көмек сұрап хабарласты. Оқиға орнына ШҚО ТЖД жедел құтқару жасағының құтқарушылар келіп құралдардың көмегімен көліктің есігін ашып, "тұтқындағы сәбиге" көмектесті, - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Құтқару операциясы кезінде анасы баланың қорқып, жыламауы үшін көңілін аударып отырды.
ШҚО ТЖД ата-аналарға қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды. Мұқият болып, балаларды бір сәтке болса да қараусыз қалдырмауды сұрайды.
Төтенше жағдай кезінде 112-ге хабарласу қажет.