Өскеменде бойжеткен көпірден секірмек болды
Бүгін таңға жуық тәртіп сақшылары Ертіс көпірінен секірмек болған қызды құтқарды
Ол көпірдің темір қоршауына шығып отырып алған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ПД баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
102 арнасына таңғы сағат 4-тер шамасында ақ күртеше киген қыздың Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің қоршауында отырғаны туралы ақпарат түскен.
Оқиға орнына полиция аға лейтенанты Мират Мұратқанов пен оның әріптесі аға лейтенант Біржан Айтмұхашев жеткен, - деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі. - Тәртіп сақшылары келгенде азаматша эмоционалды күйде болған. Жанына ешкімді жақындатпай қойған.
Алайда аға лейтенант Мират Мұратқанов амалын тауып, бойжеткенді алдарқатып әңгімеге тартқан. Бір сәтке тынышталған сәтті пайдаланып, дереу қоршаудың бергі жағына шығарып үлгерген.
Полицияда 8 жыл қызмет етіп келе жатқан аға лейтенант Мират Мұратқанов бұндай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет кездеспеген көрінеді. Төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын жетік меңгерген ол бұған дейін де бірнеше адамның өміріне араша түскен.