Аудандарда тұратын ерекше балаларға Өскемендегі автобустарда жеңілдік жоқ
ШҚО-ның барлық қалаларындағы автобустарда ерекше балаларға бірыңғай жеңілдік болуы керек
Бүгін облыс әкімі Ермек Көшербаев осы мәселені шешуді тапсырды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылардың басым бөлігі аудандарда тұрады. Жергілікті қоғамдық көліктерде жеңілдіктер қарастырылғанымен, облыс орталығына келгенде қоғамдық көлікте жеңілдіктер жоқ. Халықпен кездесулер кезінде ата-аналар осы мәселені жиі көтереді. Қалаға жылына бірнеше мәрте келіп, қоғамдық көлікпен қатынауға мәжбүр ата-аналардың қалтасына салмақ салатыны анық. Экономика басқармасы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен қалалардың әкімдіктері өзара бірлесе отырып осы мәселенің шешімін табуды тапсырамын, - деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов ол үшін облыс бойынша жеңілдіктерді интеграциялау туралы мәслихат қаулысына өзгеріс енгізу қажеттігін атап өтті.
7 жастан бастап Өскемен, Риддер, Зайсан қалаларындағы қоғамдық көліктерде жеңілдіктер қарастырылған. Ал Өскемен, Зайсан, Глубокое, Алтайда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға да жеңілдіктер бар. Олар жергілікті әкімдіктерден субсидияланады. Сондықтан облыс бойынша жеңілдіктерді интеграциялау туралы мәслихат қаулысына өзгеріс енгізу қарастырылады, - деді басқарма басшысы.
Осы орайда айта кетейік, облыс бойынша 7 853 адамға қоғамдық көліктерде қатынауға жеңілдіктер жасалған. Нұржан Жұмаділов келесі жылы осы жеңілдіктер тізімін кеңейту жоспарланып отырғанын айтады.
Қазіргі таңда 15 жасқа дейінгі балаларға қоғамдық көлікте жеңілдіктер бар. Келесі жылдан бастап 15-18 жасқа дейінгі балалар үшін де жеңілдікпен жол жүру мүмкіндігін енгізу көзделуде. Ол қажеттілік 297 млн теңгені құрайды. Сонда 20 600 бала жеңілдікпен жол жүреді, - деді Нұржан Жұмаділов.