Бозанбайдағы бүркітшілер фестиваліне Өскеменнен автобус шығады
25 қараша күні Ұлан ауданында "Шығыс салбурыны-2023" халықаралық бүркітшілер фестивалі өтеді
Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарын фестиваль өтетін ауылға жеткізу үшін арнайы автобус шығады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Фестиваль Ұлан ауданы, Бозанбай ауылының маңындағы бәйгетөбеде өтеді. Оған Өскеменнен баратын халық үшін 25 қараша күні Абай даңғылында орналасқан "ADAL" автобекетінен автобус шығады. "Өскемен-Бозанбай" бағытындағы маршрут жолда "Сол жағалау полиция бөлімі (жатақхана)" аялдамасына тоқтайды.
Қажет болған жағдайда сағат 10:00-ге қосымша рейс ұйымдастырылады.
Айта кеткен жөн, жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен және әлемнің бес елінен 40 бүркіт, 10 сұңқар және 30 тазы қатысады. Екі күндік жарыс барысында қыран құсты қолға шақыру, шырғаға салу, қоянға салу, түлкіге салу, сұңқарды кептерге салу түрлері бойынша өтеді. Тазы иттерді 1 км қашықтыққа жүгіртеді.