Ұлан ауданында екі балаға иіс тиіп, ауруханаға түсті
Үйдегі пештің мұржасын уақтылы ыстан тазаламаудың салдарынан балаларға иіс тиген
Кеше Ұлан ауданындағы Восточное ауылында тұратын 2009 және 2012 жылғы екі бала "Ана мен бала орталығынаә түсті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ТЖД ақпаратына сүйеніп.
Биыл ШҚО ТЖД қызметкерлері осы үйдің иесіне жылыту пешін орнату және пайдалану бойынша өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізген екен.
Жылыту маусымы басталғаннан бері азаматтық қорғау қызметі аймақтағы 83 000 тұрғын үйді аралап, өрт және оқыс оқиғалар фактілерін болдырмау мақсатында тұрғындарға қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқаулықтар өткізді, - деп хабарлады ШҚО ТЖД.
ШҚО ТЖД тұрғындардан жылыту пешін пайдалану кезінде өте сақ болу керектігін ескертеді. Иіс тиюге негізгі себеп - пештің ысырмасын жауып қою, мұржаның түтінді дұрыс тартпауы, пеште жарықтар мен саңылаулардың болуы, мұржаның күлге толып кетуі.
Өз пештеріңізге қарап, тексеріп отырыңыздар. Дер кезінде мұржаны күл мен ыстан тазартып, саңылауларды бітеңіздер. Пеш жағулы кезде балаларды үйде жалғыз қалдырмаңыздар, – деді ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.