Қазақстан бойынша Өскеменде саяжай бірлестіктерінің саны көп
Қаланың ортасынан баспана алуды қалтасы көтермейтін қарапайым халықтың қарасы қысы-жазы осы саяжайларда тұрып жатыр
Әлбетте бұл саяжайларда жол да дұрыс емес, жарық пен су да жоқ, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың Прохладный және Әуежай маңы ауданындағы тұрғындармен кезекті кездесуіне келгендердің дені де осы саяжай бірлестіктерінің тұрғындары.
Біздің көше шеткері жақта тұр. Көше тас қараңғы. Балалар мектептен, халық сабақтан қайтады. Біз үшін көшеге жарық беру мәселесі өзекті болып тұр. Тағы бір маңызды мәселенің бірі - бейнебақылау жүйесін орнату. Ең болмағанда кіре беріс пен көше аяқталар тұсқа орнатып берсе жақсы болар еді. Құқық қорғау органдары көшені бақылап отыратындай жағдай жасап берсе екен. Өйткені, иттер, нашақорлар жүреді. Қатар тұрған саяжай бірлестіктері үшін бұл мәселені шешу маңызды болып тұр, - дейді “Корольки” саяжай бірлестігінің төрағасы Александр Майоров.
Сонымен қатар, көшеге асфальт төсеп береді деген үміттерін де айтып қалды. Асфальт түссе, аялдама салып, автобус жіберсе дегенді де алға тартады.
Басқа тұрғындардың да негізгі сұрақтары осы сарынды.
Қазақстан бойынша саяжай бірлестіктерінің саны ең көп қала – Өскемен екен, - деп атап өтті Жақсылық Мұқашұлы. - Өскемен қаласының өзіне 164 саяжай бірлестіктері бар. Әрине ондағы халық жол, су, жарық сынды мәселелерімен әкімдікке жүгінеді. Алайда заң бойынша қалалық әкімдік бюджетінен саяжай бірлестіктеріндегі мәселелерді шешуге қаржы бөлуге болмайды. Бақылаушы органдар бюджет қаражатын негізсіз пайдалану деп әкімдікке айыппұл салады. Бірақ біз халыққа көмектесу үшін басқа да жолдарын қарастырып, амалдауға мәжбүрміз.
Жалпы алғанда Прохладный және Әуежай аудандарында соңғы уақытта біршама жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, тротуарлар ретке келтіріліп, инженерлік желілер жөнделді. Ең бастысы - шағын қазандық салынып, Щербаков көшесіндегі көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды.
Дегенмен де жаңа жарық желілерін тарту, негізгі көшелер мен тұйық көшелерге қиыршық тас төгу сынды мәселелер әлі де өзекті. Оның үстіне тұрғындар жер үйлерді де қазандыққа қосу мәселесін көтеріп отыр.
Тұрғындар №27-мектептің аумағын қоршап берсе деген тілектерін білдірді. Сонымен қатар, Прохладныйдан ЖМК ауданына дейін тікелей қатынайтын автобус болса дейді. Өйткені осы ауданнан Ана мен бала орталығына сабылатын балалалы аналарға автобус ауыстыру қиынға соғады.