ШҚО-да биыл 5 тонна шаян заңсыз ауланған
Биыл ШҚО-да браконьерлер 5 тоннаға жуық шаян аулап, табиғатқа 31 млн теңге шығын келтірді
Шығыс Қазақстан облысы полицейлерінің құрығына соңғы болып облыстың 44 және 41 жастағы тұрғындары іліккен, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп бұзушылардың бірін тәртіп сақшылары Өскемен-Самар тасжолында рейдтік іс-шаралар өткізу барысында анықтаған.
41 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны өз ГАЗелімен жалпы салмағы 1800 келі болатын 100 қорап тірі шаянды тиісті құжаттарсыз тасымалдаған. Табиғатқа келтірілген шығын сомасы шамамен 11 млн теңгені құраған. Күдікті оларды Күршім ауданынан белгісіз адамдардан сатып алып, кейін Өскемен қаласында сатуды жоспарлағаны анықталды, - деп хабарлайды ШҚО ПД.
Қазіргі уақытта ер адамға қатысты ҚР ҚК-ның 335-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Екінші құқық бұзушыны тәртіп сақшылары Күршім – Үлкен Нарын тасжолында ұстады. 44 жастағы Ұлан ауданының тұрғынының көлігінде 92 қапқа салынған жалпы салмағы бір тоннадан асатын тірі шаян табылған. Күршім ауданының инспекциясы залал сомасы 7,7 млн теңгеден асатынын айтты, - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-ның 335-бабы 1-бөлігі (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Жалпы облыста жыл басынан бері шаяндарды заңсыз өндіру мен тасымалдаудың 5 фактісі тіркелді. 11 айда браконьерлер 5 тоннаға жуық шаян аулап, 31 млн теңгеден астам шығын келтірген.