Өскемендегі 200-ге жуық бала барып жүрген бөбекжай жабылып қалуы мүмкін
Облыс орталығының 21-ші шағын ауданындағы “Темірлан” жеке бөбекжайында қазір 180 бала тәрбиеленуде
Алайда Шәріпов көшесінің алты тұрғыны осы балабақшаның жабылуын сұрап, құзырлы орагандарға жиі шағымдануда, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Балабақша көршілері келетін көліктердің жолды жауып, ойнап жүрген балаларға қауіп төндіретініне және көшенің шаңы көтерілетініне наразы.
Алты адамның жазған шағымы бойынша ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы балабақшаға жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, заң талаптарының бұзылғандығын анықтап, балабақшаны жабу туралы ұйғарым шығарған. Яғни, балабақшаны салуға арналған құжаттаманың жоқ екені анықталды. Яғни, нысанды пайдалануға беру актісі де рәсімделмеген.
Алайда балабақшаның жабылуына ата-аналар қарсы. Өйткені 21-ші шағын ауданда басқа балабақша жоқ. Бұл бөбекжайдың ашылғанына да көп болмаған, сонда да қазір мұнда 180 бала тәрбиеленіп, 40 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Бұл балабақша жабылса, қыс ішінде баламызды қайда апарамыз? Балаларымызды басқа балабақшаларға да орналастыра алмаймыз: орын жоқ, портал жабық, - деп алаңдаулы ата-аналар.
Оның үстіне жаңа бой көтеріп келе жатқан шағын ауданда халық саны да артып келеді.
Ата-аналардың наразылығынан соң, кәсіпкерге құжаттарды қалыпқа келтіру үшін 1 ай уақыт берілген. Балабақша басшылығы қала әкімдігіне меморандум жасасу жөнінде хат жіберген.
Әкімдікпен меморандум жасалса, қалалық ТҮКШ келер жылы балабақша артындағы тауды жарып, жол салып бермек. Ал оған дейін осы балабақшаға қарама-қарсы үйдің иесі балабақшаға келушілер өз үйінің алдындағы жолмен жүре беруіне де келісім беріп отыр. Яғни, қазіргі жолды жауып тастайық деп едік, шағымданушы көршілер оған да келіспей отыр, - дейді балабақша заңгері Аян Әлібеков.