Өскемен әкімдігі тасымалдаушыларға 900 млн теңге субсидия төлемеген
Қаладағы 8 кәсіпкер субсидиялауға арналған шарттар шеңберінде өзіне тиесілі төлемді алмаған
Бұл туралы Өскемен қаласының прокуратурасы жүргізген талдау барысында белгілі болды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен қаласының прокуратурасы жүргізген талдау барысында қалалық тұрғын-үй шаруашылығы бөлімі облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар автобус маршруттарын жүзеге асыратын тасымалдаушылармен жасалған шығындарды субсидиялауға арналған шарттар шеңберінде кәсіпкерлерге 900 млн теңгеден астам сома төленбегенін және орындалған жұмыстар туралы есептерді олар жергілікті атқарушы органға белгіленген мерзімде ұсынғанын анықтады, - деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы.
Тасымалдаудың көрсетілген түріне барлығы 8 кәсіпкерлік субъектісімен шарттар жасалған.
Осы фактілер бойынша Өскемен қаласының прокуратурасы заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізіп, нәтижесінде тасымалдаушыларға 700 млн теңгеден астам субсидия төленді. Қалған қарыз сомасын өтеу жалғасуда және қала прокуратурасының бақылауында.
Өңірде кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтар жұмыс істейтінін естеріңізге саламыз, - деп хабарлады ШҚО Прокуратурасы. - Бизнес өкілдері мен азаматтар құқықтық кеңес алу үшін, сондай-ақ, барлық туындаған мәселелер бойынша мобильді топтарға хабарласа алады (байланыс нөмірі 8-705-418-05-21).