Өскемен гарнизонының қатары жас сарбаздармен толығуда
Өскемен гарнизонына қарасты №27943 әскери бөліміне күзгі әскери шақырылымның алғашқы сарбаздары келе бастады
Жалпы күзгі әскери шақырылымда Өскемен гарнизонының №27943 әскери бөліміне 300-ден аса сарбаз келеді деп күтілуде, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Бұл сарбаздардың алғашқы легі келе бастады. Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әскер жасындағы азаматтары "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №27943 әскери бөліміндегі сарбаздар сабына қосылды.
Азаматтарды мерзімді әскери қызметке дайындау және шақыру үздіксіз процесс болып табылады. Жыл сайын күзгі және көктемгі мерзімді шақырылымдарда біз жас сарбаздарды қабылдап, оларды Отанын қорғай алатындай, бойындағы ер азаматқа тән барлық қасиеттерін ашып, қырағылықтарын дамытып, саптық дайындықтарды жүргізіп, әскери өмірге бейімдейміз, - деді №27943 әскери бөлім командирі подполковник Азамат Абикенов.
№27943 әскери бөлімінің тәжірибелі офицерлері мен сержанттары сарбаздарға әскери қызметке бейімделуге көмектесіп, әскери мамандықтарға үйретеді. Жас сарбаздар саптық дайындықтардан бөлек, жауынгерлік қарудан оқ ату дағдыларын, сондай-ақ жауынгерлік әскери техникалар мен қару-жарақтарды қолдану тәсілдерін меңгеретін болады.
Қазіргі кезде жас сарбаздарды әскер қатарына қабылдауда жемқорлықтың болмауы қатаң қадағаланады. Сонымен қатар, әскери борышын өтеп шыққан сарбаздар кез келген жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады.
Отанымды қорғау менің азаматтық борышым. Осы бір жыл ішінде әскери өмірге үйреніп, алған білімімізді тәжірибелік оқу-жаттығуларда қолданатын боламыз деп ойлаймын. Отан алдындағы борышымды өтеуге тас-түйін дайынмын, - дейді жас сарбаз Бердалы Қамбаров.
Алдағы уақытта №27943 әскери бөлімі еліміздің 7 облысынан келетін жас сарбаздармен толығады. Оларды Отанын қорғай алатын лайықты азамат етіп тәрбиелеу дәл осы әскери бөлімнің офицерлері мен сержанттарына жүктелетін жауапкершілік болып табылады.