Өскеменде өткен айтыстың бас жүлдесі Серік Қуанғанға бұйырды
Республика күні қарсаңында ШҚО-да республикалық ақындар айтысы өтті
Оған еліміздің әр өңірінен айтыс өнерінің дүлдүлдері жиналды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Айбынды хан батыры – Көкжал Барақ" айтысы Барақ батырдың ерлігін насихаттауға, дәріптеуге арналды.
Айтыс - қазақтың жаны, бойындағы қаны, дірілдеп соққан жүрегі, тілі мен ділі. Сол айтыстың мәртебесін көтеріп, мерейін асырып жүрген осы алдарыңызда тұрған сөз саңлақтары. Кешегі тұлпарларымыз ауыздықпен су ішіп, ерлеріміз етігімен қан кешкен заманды жырлау, елге тұтқа болған Көкжал Барақты жырға қосудың бүгінгі таңда маңызы зор. Негізі мақсат ұлттың ұлы тұлғаларын ұрпаққа үлгі ету болса, бүгінгі айтыстан алар тағылым мол болары анық. Сондықтан да ақындар аламанда сүрінбей шапсын деп сәттілік тілейік. Ал мен бүгінгі айтысты бастамас бұрын, кеше ғана күллі қазақтың қабырғасын қайыстырып кете барған ақын Несіпбек Айтұлын еске алсақ деймін, – деді Досхан Жолжақсынов.
Көкжал Барақ атында алғаш рет республикалық деңгейде өтіп жатқан айтысты "Көкжал Барақ" қоғамдық қоры ұйымдастырған.
Әр елдің ұрпағына үлгі етер ержүрек ерлері мен ұлы тұлғалары болады. Біз үшін сондай тұлғалардың бірі – Көкжал Барақ бабамыз. Батыр бабамыздың ерлігін бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп, жалпақ жұртқа насихаттау - біздің басты міндетіміз. Сол себепті бүгінгі республикалық айтысты ұйымдастырып отырмыз, – деді "Көкжал Барақ" қоғамдық қорының төрағасы Мирас Өтей.
Қарағандылық Мақсат Ақанов, алматылық Сезімхан Шұғайып, шымкенттік Біржан Байтуов, семейлік Айбек Жеңісқазин мен жерлес ақындардан Гүлжан Ықылас, Ардабек Ақбаба, Серік Қуанған, Қуаныш Еркінұлы, Естай Жанабай ел мен жерді сақтау жолында талай жорықтарда қан кешкен батыр баба ерлігін жырлай отырып, шығыстағы қазіргі өткір мәселелерді көтерді. Барлығы бес жұп екі айналым айтыс жасады. Ұлттық өнерге сусап қалған жұрт дән риза тарасты.
Қазылар шешімі бойынша:
- арнайы жүлдеге Алматы қаласынан Шұғайып Сезімхан
- lll жүлделі орынға Катонқарағай ауданынан Гүлжан Ықылас
- ll орын Шымкент қаласынан Біржан Байтуов
- l орын Қарағанды қаласынан Мақсат Ақан
- Бас жүлдеге Өскемендік Серік Қуанған ие болды