ШҚО-да жас кәсіпкерлерге 218 микрокредит беру жоспарланған
Жалпы 2025 жылға дейін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 234 грант және жастарға 218 микрокредит беріледі
2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында халықтың бизнес-бастамаларын іске асыру үшін 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 234 грант және Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жеңілдетілген шарттармен жастарға 218 микрокредит беру жоспарланған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Қазіргі уақытта 236 грант пен 215 микрокредит берілген. Мемлекеттік қолдау алушылар өз істерін сәтті дамытуда.
Гранттардың көбі технологиялық жабдықтарды (38%), құс, балық, жануарлар мен төрт түлік (32%) және құрал-саймандар (25%) сатып алуға берілген, - делінген ақпаратта. - Бүгінгі күні Business.enbek.kz порталында 3-ші лек бойынша өтінімдерді қабылдау аяқталды. Өңірлерде комиссияның оң қорытындысын алған үміткерлермен жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беру туралы шарттарға қол қою процесі жүзеге асырылуда.
Сонымен бірге, 2023 жылдың басынан бастап жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық микрокредит берілуде.
Шығыс Қазақстан облысында жас кәсіпкерлерге 218 микрокредит беру жоспарланған, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда барлығы 267 өтінім қабылданды. Конкурстық комиссияның қарауына 1,1 млрд теңгеге 251 өтінім жіберілді, 231-і мақұлданды. Қазірдің өзінде жас кәсіпкерлерге 952,6 млн теңгеге 215 микрокредит берілді, - деп хабарлады министрліктегілер.
Микрокредиттер жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі 5 жылдан аспаған 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз ісін ашу немесе кеңейту үшін беріледі. Бұл ретте қатысушылардың "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ (бұдан әрі – АКК) өтініммен жүгінген кездегі жасы ескеріледі.
Осындай мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі - Өскемен қаласының тұрғыны Азамат Сәлімбаев. Биыл сәуір айында ол АКК-ға өтініш беріп, өз жобасын сәтті қорғады.
Алған ақшаға мен табиғат аясында демалуға арналған тауарлар сататын дүкен аштым. Онда барбекю, қазан, кемпингке қажет нәрсенің бәрі бар, - деді Азамат Сәлімбаев.
Мемлекет қолдауымен бизнесін сәтті дамытып отырған кәсіпкер Шемонаиха қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Ғалия Жұмабаева. Ол 1,3 млн теңге көлемінде грант алған.
Ақпан айында мен жұмыспен қамту орталығына хабарласып, барлық қажетті ақпаратты алдым. Кейін "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтіп, өтінім бердім. Мен қаламыздан ыдыс-аяқ сататын дүкен ашуды ойластырдым, - деп бөлісті жас кәсіпкер.
Бөлінген ақшалай қаражатқа Ғалия Жұмабаева қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, дүкенге ыңғайлы орынды жалға алып, өзі армандаған дүкенін ашты.