Археолог Әбдеш Төлеубаев пен ақын Ұлыбек Есдәулет ШҚО-ның Құрметті азаматтары атанды
Осы өңірдің бес азаматына "Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы" атағы беріледі
Бүгін блыстық мәслихаттың VII кезекті сессиясы барысында депутаттар өңірдің бес тұрғынына "Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы" атағын беру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Олар: Мұхамедолла Ағзамов, Элла Гейгер, Ұлықбек Есдәулет, Александр Хмелев, Әбдеш Төлеубаев.
Бұл азаматтар аймағымыздың әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосып, қоғамда өзіндік орындары бар тұлғалар. Мұхамедолла Ағзамов облыста гір спорты мен армрестлингті дамытудың негізін қалаушылардың бірі, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ал Элла Гейгер Алтай ауданының ардагерлер кеңесінің төрайымы, Александр Хмелев аймақтың металлургия өнеркәсібінің флагманы атанған "Казцинк" ЖШС-ның басшысы. Ал Ұлықбек Есдәулет - "ТҮРКСОЙ" түркі мемлекеттері Жазушылар одағының төрағасы, ақын, жазушы "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының әнұранына айналған "Заман-ай" әнінің авторы.
Сондай-ақ, Тарбағатай, Сауыр және Шыңғыстау тау бөктеріндегі археологиялық ескерткіштерді зерттеуші, ағымдағы жылы бақилық болған Әбдеш Төлеубаев та осы тізімнің төрінде.
Мен құрметті атаққа ие болған жерлестерімізді, олардың туыстары мен жақындарын шын жүректен құттықтаймын! - деп лебізін білдірді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев. - Сіздердің жоғары кәсіпқойлық қызметтеріңіз, өмірлік ұстанымдарыңыз облысымыздың дамуына барынша септігін тигізіп, өңіріміздің мәртебесін арттыратындығына сенімдімін.