Криминалист болу үшін қайсар жүрек керек
Кез келген қылмыстық істі ашуда криминалист маңызды рөл атқарады
Оған Өскемен қалалық полиция бөлімі ұйымдастырған "Погонды журналист" жобасы аясында өзім полицияның нысанды формасын киіп, иығыма погон тағып, Өскемен қ. ПБ Ертіс полиция бөлімінің жедел-тергеу тобымен бірге бір күн жүріп көзім жетті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қылмыс орнына барған криминалист қылмыскер туралы мәліметтер анықтау үшін оқиға орнында қалып қойған іздердің бәрін жинақтайды. Өйткені қылмыс орнынан алынған айғақ заттар мән-жайдың ақ-қарасын ажыратуға көп септігін тигізеді. Сол себепті де криминалист ең алдымен өте қырағы болуы керектігін түсіндірді Өскемен қалалық ПБ жедел криминалистикалық бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Расул Жақсылықов.
Форманы кие салған бойда велосипед ұрлығы бойынша шақырту түсті. Криминалиске керек-жарақ салынған темір чемоданды көтере, дереу шақыртуға аттандық. Оқиға Қазақстан көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінде, 10-шы қабатта орын алған. Зардап шегушінің айтуынша, қымбат велосипеді үнемі 10-қабаттағы пәтердің кіре берісінде, дәлізде тұрады екен. Таңертең ғана сабаққа шыққанда көрген, түстен кейін ғайып болған.
Жалпы қылмыс болған жерде қылмыскер міндетті түрде өзінің соңынан бірқатар көрінер-көрінбес іздер қалдырады. Бұл жердегі криминалистің негізгі мақсаты - оқиға болған орынды тиянақты қарап, дәлелдемелерді, іздерді жинап, суретке түсіру және тіркеу. Жиналған айғақтарды ары қарай зерттеу жүргізу үшін зертханаға әкеледі. Одан кейін қорытынды шығарып, іске тіркейді. Алынған айғақ заттарға қарай дактилоскопиялық, трасологиялық, баллистикалық, одорологиялық және суық қаруды зерттеу сияқты әдістерді пайдалана отырып, қылмыстың ашылуына атсалысады.
Көпқабатты тұрғын үйдің 10-қабатына көтерілдік. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобындағы тергеуші, криминалист, жедел уәкіл әрқайсысы өздеріне жүктелген міндетті атқарып жатты.
Криминалистің ары қарайғы әрекеттері тура кинодан көргендей. Мені ертіп жүрген жас криминалист Диана екеуміз қолымызға резеңке қолғап киіп, бірден велосипед ұрланған аймақты сары таспамен қоршадық. Ары қарай күдікті іздерін қалдырды деген жерлерден арнайы ұнтақтың көмегімен саусақ іздерін алдық.
Бұл да оңай іс емес екен, көз өткірлігі маңызды. Оның үстіне оқиға орнында қаншама адамның саусақ, аяқ киім ізі қалады. Қылмысқа мүлдем қатысы жоқ адамдардың арасынан қылмыскердің ізін табу – шөп ішінен ине іздегендей. Бірақ қазіргі дамыған заманда "Папилон", "Образ++", "Трасология" автоматтандырылған жүйелері криминалистердің жұмысын жеңілдете түскен.
Негізі адам өлімі, адам зорлау, қарақшылық, тонау сияқты қылмыстардың түр-түрі бар ғой. Оның ішінде ұрлық жиі жасалатын қылмыс болса, адам өліміне қатысты мәселе – ең күрделі әрі жауапты екені анық. Адам қарттықтан қаза болады, бірі ауыр сырқаттан дүние салады. Өзгенің қолынан қаза табатындар да немесе өз өмірін өзі қиятындар да бар. Соның бәріне криминалист сараптама жүргізеді.
Осы ретте криминалист болып жұмыс істеп жүрген қаракөздер көп екенін байқадым. Зілдей чемоданын арқалап, қанды қылмыс орнында жүретін бұл қыздардың жүрегінің түгі бар ма дерсің.Криминалистің қызметі қиын. Әсіресе адам өлімі, мәйіттермен жұмыс істеу оңай емес. Көп жатып қалған мәйіттер, тіпті адамды бөлшектеп кеткен жағдайлар да болып тұрады. Жоғалып кеткен адамдар көктемде күн жылынғанда қар астынан табылып жатады. Осының барлығына психологиялық тұрғыдан төзімді, шыдамды бола білу керек. Мәйіттің кімге тиесілі екенін, оның ажалының себебін анықтау біздің мойнымыздағы міндет, - дейді Өскемен қ. ПБ жедел криминалистикалық бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Расул Ганаятұлы.
Жалпы Өскемен қаласындағы жедел криминалистикалық бөлімі соңғы жеті айы ішінде 1261 қылмыстық оқиғаны ашуға қатысқан. Соның ішінде ұрлық пен бұзақылық әрекеттер үлесі көп.Оперативті-криминалистік бөлімде 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Олардың арасында ер адамдармен иық тірестіре қызмет етіп жатқан нәзік жандылардың үлесі көп, - дейді Расул Ганаятұлы.
Соның ішінде оқиға орнынан 1099 айғақ заттар алынды, - дейді жедел криминалистикалық бөлімінің бастығы - Біз "Папилон" арқылы анықталған із бойынша күдікті адамның кім екені жайлы мәліметті қылмыстық іздеу тобына жібереміз. Олар күдіктінің мекенжайын тауып, ары қарай тергеу жүргізеді. Соның нәтижесінде күдіктінің кінәлі не кінәсіз екені анықталады. Осылайша, соңғы жеті айда 40-қа жуық қылмыс ашылған.