ШҚО драма театры қойылымдарына синхронды аударма жасалады
ШҚО драма театрындағы қазақ қойылымдарына қызығушылық артқандықтан енді орыс тіліне синхронды түрде аударылмақ
Шығыс Қазақстан облыстық драма театры жаңа театр маусымын әдеттегіден бөлек қыркүйек айында ашпақ, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі. ШҚО драма театры директорының орынбасары Дархан Нуралинов өнер ордасының жаңа маусымға жоспарымен бөлісті.
Қазақ труппасы жаңа 24-ші маусымын 8 қыркүйекте О. Бөкейдің "Қар қызы" драмасымен ашса, жастар труппасы 15 қыркүйек күні 9-шы маусымын Эдуардо Де Филиппоның "Призраки" спектаклімен бастайды, ал орыс труппасы 29 қыркүйекте тұсаукесерлік А. Аверченконың "Жизнь - штука веселая" қойылымымен 88-ші театр маусымының шымылдығын түреді.
Өнер ордасы мерейтойлық даталарды ескеріп, арнайы театр режиссерлерін шақыруды дәстүрге айналдырды, - ШҚО драма театры директорының орынбасары Дархан Нуралинов. - 2021 жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов "Қазақтар" тарихи драмасын сахналаса, биылжерлесіміз Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына "Қар қызы" драмасына режиссерлік ету үшін Қазақстандағы топ-5 театр режиссерлерінің қатарындағы Дина Жұмабай шақырылды. Ал жаңа маусымда тәжікстандық режиссер Барзу Абдураззаковты шақырып, жаңа қойылым сахналау жоспарда бар. Барзу Абдураззаков осыған дейін осы театрда Эдуардо Де Филиппоның "Елестер" драмасын қойған болатын.
Дархан Жақыпұлы театр үнемі жастармен жұмыс жасау, олардың сахна өнеріне деген қызығушылығын арттыруға аса мән беретінін атап өтті. Сол мақсатпен сәуір айында "Ашық аспан астындағы театр" жобасы қолға алынып, театрдың шатырында 2 ай бойы комедиялық және драмалық қойылымдар көрсетілді. Нәтижесінде театрға келетін жастардың саны өскен.
Сонымен қатар, театрдың жастар труппасы Эдуардо Де Филиппоның "Елестер" драмасын орыс тілінде ойнап орыс тілді көрерменнің де ойынан шықты. Яғни, театр үштілділік заман талабы екенін жақсы түсініп сахнада ешқандай шекараның жоқ екенін алға тартуда, - дейді Дархан Жақыпұлы.
Соңғы жылдары орыс тілді көрермен тарапынан қазақша спектакльдерге қызығушылық артқан. Осы орайда жаңа маусымнан бастап театрда 200 адамға арналған синхронды аударма іске қосылмақ. Бұл тың бастама орыс тілді көрерменге театр репертуарындағы таңдаулы туындылармен танысуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жастарды қолдау мақсатында TEATR ALL театр студиясын ашу жоспарланып, концепциясы ШҚО әкімдігіне ұсынылды. Бұл жоба негізінде 14-35 жас аралығындағы, білімі мен жұмыс жасау саласына әртүрлі жастар театрға келіп педагогтерден, актерлерден сабақ алып, өздерін сахна өнерінде сынай алады, - деді театр директорының орынбасары.
Айта кетейік, өткен маусымда 329 спектакль қойылып, 62 230 адам қамтылды.