Генерал көпбалалы аға сержанттың балаларына оқу-құралдарын арнайы табыстады
ҚР Ұлттық ұланы қашанда көпбалалы әскерилерге ерекше көңіл бөлуге тырысады
Әсіресе, оқу жылы басталатын сәтте оларға барынша қолдау көрсетеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлімдегендей, Өскеменде өткен қазақстандық әскери тәрбиешілердің оқу-тәжірибелік дайындығы барысында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов көпбалалы отбасының отағасы аға сержант Сымбат Ақмолаевтың шаңырағына арнайы барды.
Біз өзіміздің көпбалалы әскерилердің бала-шағасына ерекше көңіл бөліп отыруымыз қажет. Өйткені олар біздің қолдауымыз бен қамқорлығымызды қашанда сезіне білуі керек. Неге десеңіз, олардың ата-аналары өз өмірлерін әскери салаға арнап отыр, - дейді генерал-майор Қайрат Үмбетов.
5518 әскери бөлімінің жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының аға маманы, аға сержант Сымбат Ақмолаев Ұлттық ұлан сапында 10 жылға жуық қызмет етіп келеді. Жұбайы Жанна екеуі бес бірдей баланы тәбиелеп отыр. Тұңғыш ұлы Саянұр биыл 3-сынып оқушысы, ал қызы Кәусар алғаш мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Ең кенже қызы ағымдағы жылы дүние есігін ашқан, небары 7 айлық.
Генерал-майор Қайрат Үмбетов "Мектепке жол" акциясы аясында әскеридің балаларына мектепке қажетті оқу-құралдары мен арнайы сыйлықтар тарту етті.
Халық қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетовтың менің шаңырағыма арнайы келіп, балаларымды оқу жылының басталуымен құттықтап келгені мен үшін үлкен құрмет. Ұлттық ұлан басшылығы әрдайым отбасылық берік дәстүрді қолдайтыны қуантады, - дейді Сымбат Ақмолаев.