Өскеменде Қазақстан мен Пәкістан қарулы күштері арасында оқу-жаттығу өтті
Бұл пәкістан-қазақ әскери қызметшілерінің өзара ынтымағы мен достығын нығайтуға бағытталған
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 27943 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы қарулы күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасында бірлескен тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Қазақстан тарапынан "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері жұмылдырылды.
Оқу-жаттығу барысында екі елдің әскери қызметшілері елді мекендердегі заңсыз қарулы құралымдарға қарсы іс-қимыл мәселелерін пысықтауда. Оның ішінде заңсыз қаруланған шартты құралымды анықтау, оларды оқшаулау және жою жөніндегі іс-қимылдар жүргізілді, – деді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы басқармасының бастығы полковник Динар Құрбанбаев.
Пәкістан Ислам Республикасынан келген әскерилер алдымен тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы өтетін 27943 әскери бөлімінің полигонымен танысты. Кейін өздеріне бекітілген қару-жарақты, техникаларды сайлап, негізгі бөлімге дайындық жүргізді.
Оқу-жаттығу бірнеше кезеңнен тұрады. Олар: жеке дара дайындық, топтардың үйлесуі және бірлескен оқу-жаттығудың өткізілуі. Оқу-жаттығуға екі елдің 40-тан астам әскери қызметшісі, 20 бірлік әскери және арнайы техника тартылды.