ШҚО-да республикалық акция аясында 240 бала мектеп формасымен қамтамасыз етілді
"Мектепке жол" республикалық акциясы аясында облыс аудандары мен қалаларындағы оқушылардың мектеп формасына 9 млн теңгеден астам сома жұмсалды
Одан өзге, 170 оқушығы жалпы сомасы 1 млн 200 мың теңгеге жаңа аяқ киім, 15 млн астам соммаға 1 186 балаға сөмкелемен оқу құралдары алынды, - деді ШҚО білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда 592 отбасына мектепке қажетті керек-жарақтарды сатып алу үшін жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілген.
Баланы мектепке жинау ата-аналарға үлкен міндет. Ал бұндай қайырымдылық акияларына тек ірі кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым жандар да белсене қатысады, - деп атап өтті Иннеса Александровна.
Мысалы, Риддер қаласында №4 және 14 өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері бірнеше отбасыға балаларының барлық қажетті оқу құралдарын сатып алуға қол ұшын созған. Ал Күршім ауданында өткен жылғы мектеп түлектері өз оқу ордасына спорттық құрал-саймандарды, музыкалық аспаптарды, спорттық нысандарды сатып алуға көмектескен.
Барлық аудандарда қайырымдылық шараларына бейжай қарамайтын адамдар бар. Олар - шаруа қожалықтарының басшылары, кәсіпкерлер, депутаттар және, әрине, мұғалімдердің өздері. Айта кетейік, акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады, - деді басқарма басшысының орынбасары Әлима Ақылбек.
Осы орайда айта кетейік, 14 тамызда AMANAT партиясының "Бақытты отбасы" партиялық жобасы аясында жаңа оқу жылы қарсаңында "Баланы мектепке дайындайық!" жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы бастау алған болатын.
Акция аясында ШҚО-да AMANAT партиясы 1600-ден астам оқушыға оқуға қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмке табыстады.
Игі шараның негізгі мақсаты - аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға қолдау білдіру. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан шараға депутатар, меценаттар, кәсіпкерлер, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері және белсенді партия мүшелері үнемі қолдау білдіріп демеушілік жасауда, - деді AMANAT партиясы ШҚОФ төрайымы Сайрангүл Жұмаділова.
Айта кетейік, алдағы жаңа оқу жылында 343 мектепте 98 мыңнан астам оқушы мектепке бармақ.