Өскеменге Үндістанның Ұлттық кадет корпусы делегациясы келді
Үндістанның Ұлттық кадет корпусының делегациясы ШҚТУ әскери кафедрасына тәжірибе алмасу үшін келген
Жыл сайын Үндістанның Ұлттық кадет корпусының делегациясы Қазақстанға, соның ішінде Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың әскери кафедрасына келеді. Ал ШҚТУ студенттері мен оқытушылары Үндістанға барып тәжірибе алмасады, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Айта кетейік, 2015 жылы шығыстағы аталған оқу орны мен Үндістан Республикасы Ұлттық кадет корпусы ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан. Мәселен, ынтымақтастық аясында ШҚТУ-дың әскери кафедрасының офицерлері мен студенттері Youth Exchange Programme білім алмасу бағдарламасының аясында Үндістанда шетелдік делегациялар съезіне қатысып, Дели, Джайпур, Агра, Биканер, Джайсалмер қалаларын және Тәж-Махал сарайын аралаған.
Биыл шетелдік делегация 13-19 тамыз аралығында Өскемен қаласында болады. Бір аптаның ішінде олар әскери кафедраға барып, ЖОО-ның оқу материалдық-техникалық базасымен танысып, әскери кафедраның студенттерімен және қызметкерлерімен кездесулер, бірлескен сабақтар мен спорттық жарыстар өткізеді. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысының көрнекі жерлерін аралап, қаланың тыныс-тіршілігімен танысады.