Рұқсатсыз намазхана ашқан Өскемен тұрғынына айыппұл салынды
Ол ҚМДБ рұқсатынсыз қаладағы ойын-сауық орталықтарының бірінде намазхана ашқан
Кәсіпкер бұл әрекеті үшін жауапқа тартылатынын білмеген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО Полиция департаментінің ақпаратына сүйеніп.
ШҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс орталығының 28 жастағы тұрғыны қаланың ойын-сауық орталықтарының бірінде тиісті құзыретті органдардың рұқсатынсыз намаз оқитын үй-жай ашып, діни рәсімдер өткізгенін анықтады, - делінген хабарламада. - Намазхана меншік иелеріне де, мекемеге келушілерге де арналған. Ер адамның айтуынша, ол аталған бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы білмеген.
Қазіргі уақытта ер адам белгіленбеген жерлерде діни жораларды, рәсімдер мен жиналыстарды өткізу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-ның 490-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған соттың шешімімен 130 000 теңге сомасында айыппұл салынды.