Өскеменде мұсылман зиратына жер жетпей ме?
Өскемен қаласы әкімі Жақсылық Омардың Согра халқымен кездесуі кезінде тұрғындар мұсылман зираты мен мешітке жер бөліп беруді сұрады
Меновное, Ахмер, Аблакет аудандарындағы зираттары жабылған. Жалғыз қалған Горняк ауылы маңындағы зиратта да орын аз қалған. Оған көп ешкімнің қолы жетпейді, қымбат әрі алыс. Біздің осындағы он шақты қазақ орыс зиратында жерленген. Сол себепті осы Согра маңынан мұсылман зиратына жер бөліп беруді сұраймыз. Согра, Радужный, Арматурный, Солнечный аудандарының тұрғындары жер бөлу туралы өтінішпен қол жинадық, - дейді 1977 жылдан бері осы ауданда тұратын Жомарт ақсақал.
Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Еркін Тұраров Сограға келе жатқан жолдағы Скалистая көшесіндегі орыс зиратының аумағын кеңейтіп беруге болатынын айтты. Алайда жергілікті ақсақалдар бұл ұсыныстың жөнсіздігін айтып, өз нұсқаларын ұсынды.
Өскемен қаласының әкімі ыңғайлы жер тауып, мәселені шешіп беруге уәде етті.
Сонымен қатар, жиналған қариялар осы ауданда мешіт салуға жер бөлуді сұрады.