ШҚО-ға Ұлттық ұланның ақпараттық-насихаттық тобы келді
10 шілде күні Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінде Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің "Ұлттық ұлан – ұлт рухы" концерті өтті
Концертті Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов, әскери бөлім офицерлері және сержанттар мен сарбаздар тамашалады.
Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов пен Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақановтың шешімімен Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына ақпараттық-насихаттық топ жіберілді. Біздін мақсатымыз - әскери қызметшілер мен азаматтық жастарды қазақстандық патриотизм мен конституциялық борышқа адалдык рухында тәрбиелеу, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның имиджін нығайту, азаматтардың әскери қызметшілерге, олар орындайтын кызметтік-жауынгерлік міндеттерге деген оң көзқарасын қалыптастыру, - деді сарбаздар алдында сөйлеген әскердің Бас тәрбиешісі.
Концерттік бағдарлама бүгін де жалғасын тапты. Ұлттық ұланның ақпараттық-насихаттық тобын ШҚО-ға бастап келген Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов бір топ өнерпаздармен бірге Глубокое ауданы Солнечное кентіндегі қарттар үйіне барды.
Біз бұл қарттар үйіне былтыр да келгенбіз. Биыл да Өскеменде ақпараттық-насихат тобының жұмысы жалғасуда. Ұлттық ұлан ән-би ансамлінің қатысуымен 5518 әскери бөлімінде бірінші концертімізді өткіздік. Кейін Астана күні қарсаңында қарттарға да мерекелік көңіл-күй сыйлап кетуді жөн көрдік. Сіздермен байланысымыз үзілмейді, - деді Қайрат Жарылғасынұлы.
Сондай-ақ, генерал-майор Қайрат Үмбетов Шығыс Қазақстан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы әкелген сыйлығын тарту етті.
120 қартты бағып-қағып отырған біздің мекемемізге Халық қаһарманының келуі үлкен мәртебе. Ән-би ансамблінің қыз-жігіттеріне айтар алғысымыз айрықша. Өнерлеріңіз үстем болсын! - деді қарттар үйінің директоры Ерболат Ошақбаев.
Жылы лебізге толы жүздесу концерттік бағдарламамен жалғасты.
Әрі әскери қызметкер, әрі әнші қыз-жігіттердің өнеріне тәнті болдық. Солист Денис Яковлев "Құсни Қорлан" әнін қазақ тілінде шырқағанда көзіме жас ұялады. Талабы таудай жастарға басымды иіп, осындағы үлкендердің атынан алғыс айтамын, - деді Тұрсын Қусанова есімді зейнеткер.
Көпті көрген үлкендер жағы қонақтарға батасын беріп, алғысын жаудырды.
Сондай-ақ, Қайрат Үмбетов Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевпен кездесу өткізді.
Айта кетейік, бүгін кешкі сағат 18.00-де Өскемен қаласындағы халықтар достығы үйінде Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің "Ұлттық ұлан – Ұлт рухы" концерті өтеді деп жоспарланған.